2000 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры құрылған болатын. Әу бастан-ақ мемлекеттілік пен қазақстандық патриотизмді насихаттап, мәдениетті дамыту арқылы қоғам өмірінің руханиятын нығайтуды, ғылыми ізденістер мен жастардың жақсы бастамаларын қолдауды көздеген ұйым жолынан жаңылмай, нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Апта ортасында Бесағаш ауылдық округінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан «Дарын» өнер мектебінің ашылуы да осы қордың демеушілігімен жүзеге асып отыр. Өскелең ұрпақты қазақ өнерінің қайнар бұлағынан нәр татқызып, қанат қақтыратын бұл өнер ошағы жеке ғимаратта, жаңаша форматта жұмысын бастады. Бұл бастамаға «Нұршат Нұр» қоғамдық бірлестігі де себепкер болған.
Өнерлі балалардың бағдаршамы
Адам өзінің бойының биік әлде аласа екенін тек салыстырмалы түрде ғана анықтай алады. Сол сияқты ойдың да аласа, биігі болады екен. Ондай ғажапты көкірегі керемет жандармен сұбхаттасып, сөздерін тыңдағанда танисың. Бұл жолы да солай болды. Өнер мектебінің ашылуына ұйытқы болып шапқылап жүрген Бексұлтанова Қаламқас Алтынбекқызының ұлттық қаймағы тұнған ауыл балаларына деген, оның ішінде өнерге қабілеті бар өнерлі балаға деген жанашырлығы жаныма нұр сепкендей болды. Өзі де ауылдың топырағында өскендіктен болар ауыл баласының өнерлісін өрге сүйреу үшін шапқылап-ақ жүргені. Сонау Қырғызстан Республикасының Өнер институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Райымбек ауданында ұстаздықтан бастайды. Сол уақыт аралығында біліктілігін арттыру мақсатында Алматыдағы Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетіне сырттай оқуға түсіп, өміріне оң бетбұрыстар жасауға ниеттенеді. Арманы асқақ, мақсаты айқын бойжеткен музыка мектебінде дәріс бере жүріп бала бойына ұлттық өнердің дәнегін еге біледі. Бертін келе Іле ауданына жұмысын ауыстырып, Жетіген ауылдық округінің мәдениет бөлімін басқарады. Осы уақыт ішінде өнер мен мәдениеттің нағыз жанашыры, шебер ұйымдастырушы екендігін көрсетіп, өнер саласында жаңашыл қадамдар жасайды. Аудан ғана емес облыс мәдениетіне шырай берген концерттер, мерейімізді үстем еткен мерейтойлардың басы-қасында болып, өнер адамы деген салтанатты атқа кір келтірмей, ерлермен бірдей атқа қонады. Алматы облысының өнері мен мәдениетінің деңгейін паш етіп, алыс-жақынға сауын айтқан дүбірлі тойлардың өз деңгейінде өтуіне Қаламқас Бексұлтанованың сіңірген еңбегі орасан. Бұл тектілік Қаламқастың бойына нағашыларынан дарыған. Ал өзі ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиевті ұстазы санайды.
Өнерлі жанның мәдениетке қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып та келеді. Түрлі деңгейдегі «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарынан» бөлек 2017 жылы «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері атанады. Ұстаздықты, асабалықты, әншілікті қатар алып жүрген Қаламқас өмірден өткен қоғам қайраткерлері туралы жазылған 15-тен астам кітаптың авторы екендігін мақтанышпен айта кетелік. Соның ішінде «Қарттарым – қазынам», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Айшуақты ана», «Құсқанат ғұмыр», «Жомарт жүрек» сынды кітаптары оқырманның жүрегінен жол тапты десек артық айтқандығымыз емес.
Қаламқас Алтынбекқызының парасатты-лығының бір парасы өнер мектебін ашқандығы еді. Балаларын өнер мектебіне берейін десе қалтасы көтермейтін ата-аналардың жан айқайы 2014 жылы Іле ауданында «Шабыт» өнер мектебін ашуына себепкер болды. Алдымен 100 баламен бастаған өнер мектебі бүгінде қанатын кеңге жайған мектептердің бірінен саналып отыр. Бұл бастамасын Талғар ауданында да жалғастырды. «Дарын» өнер мектебінің ашылуына мұрындық болып, бүгінгі таңда 40-қа жуық балаға алты бөлім бойынша дәріс беріліп келеді. Бұл тұста астын сызып айтар жайт – аталмыш мектепте мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар, көп балалы отбасынан шыққан балалар, сондай-ақ ата-ана қамқорынсыз қалған балалар тегін оқи алады. 40-тың 10-ы осы санаттан болып отыр.
«Дарынның талабы» таудай
Мектептің лентасын Алматы облысының «Құрметті азаматы», Еңбек ері Тұрсынгүл Мұқанқызы мен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Жоламан Әміров қиып, ақ батасын берді. Шашу шашылып, тілектер легі ақтарылған кешке қонақ болып «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының» өкілі Г.Орынбасарқызы, Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары М. Бекенқызы, №29 орта мектеп директоры Н.Дауталықызы, №28 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Елмұратқызы келіп, жылы лебіздерін білдіріп, жақсы бастамаға сәттілік пен жетістік тіледі. Мектеп ашылғалы бері қамқорлығын көрсетіп, қолдау танытып келе жатқан ата-ана Бейбітгүл Свыткулова болса үш бірдей немересінің осы мектептен өнер әлеміне қадам басып жатқандығын айта кетті. «Дарын» өнер мектебінің төрайымы Қ.Бексұлтанова өз баяндамасында мұндай демеушілік жасайтын жомарт жандардың қатарында Асқар Қағазбаев, Советжан Қожақызы, Орынтай Түкенқызы сынды ата-аналар мен №28, 29, 45 мектептің директорлары да бар екендігін атап, өз атынан зор алғысын білдірді. Кезек концерттік нөмірге келгенде бүлдіршіндер аянып қалмады. Домбырашылардың орындауындағы «Би», «Айжан қыз» күйлері, «Айнұр» би тобының орындауындағы «Шашу», «Клоун» билері көрермендердің зор ықыласын тудырды. Кәусар Ермекқызы «Айналайын ақ мамам» әнін шырқаса, Нұрсұлу Серікқәлі Нұртуғанның «Қанекей, тілім сөйлеші» термесімен тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Дария Тоқтағазы орындаған «Мой отец» әні мен Егізбай Бектұр «Осень наступила» әні кеш шырайын аша түсті. «Дарын» вокалды тобының орындауындағы «Тәуелсіз Қазақстаным» әнімен тәмамдалған концерттен болашақ жұлдыздардың айы оңынан туып келе жатқандығын байқадық. Өнердің көрігін қыздырып жүрген өрендер онсыз да республикалық, облыстық додалардың жеңімпаздары болып үлгеріпті.
Фортепиано, баян, гитара, скрипка, домбыра, қобыз аспаптары мен дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, актерлік шеберлік, хареография бөлімдерінде біліктіліктерін шыңдап жатқан балалар бұл мектепке келгеніне дән риза. Өйткені оларға Ұлан Мүшіров, Гүлназ Дюсенбекова, Марал Қалабайқызы сынды мықты мамандар сабақ береді. Иә, томағасы сыпырылған жас қырандай болған жас өрендер алда талай мәрелерде топ жаратыны анық. Оған көзіміз жетті.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».