Алматы облысында тұңғыш рет арба бәйгесі ұйымдастырылды

Алматы облысында тұңғыш рет арба бәйгесі ұйымдастырылды

Алматы облысы, Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында  арба бәйгесі басталды. Байқау Тұңғыш Президентіміздің  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Он бес күнге созылатын шараға Үндістан, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан сияқты халықаралық университеттің білімгерлері қатысып, екі дөңгелекті ат арбамен жарысқа түседі. Сондай-ақ, жарыс барысында командалар лагерлерді өз бетінше орнатып, онда нағыз көшпенділердің тұрмысын ұйымдастырады.

-Байқау мақсаты — Қазақстанда жастарға арналған жаңа ұлттық спорттық, туристік және мәдени хобби құру. Ұлы Жібек жолының керуен стиліндегі қазақтардың ежелгі көшпелі технологияларын пайдалана отырып, Алматы облысының табиғатына саяхат жасау. Сонымен қатар, қазіргі жастардың интеллектуалды, көшбасшылық және командалық қасиеттерін көрсету мен Жібек жолы елдерінің студенттері арасындағы мәдени алмасу»,-деді Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы.

Айта кетейік, екі сайыс түрінен өтетін командалық жарыстың қорытындысы 25-ші қыркүйек күні анықталып, жеңімпаздар арнайы кубокқа ие болады.

Талғар-ақпарат