Тың ойлы жас жолда қалмайды
Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасының негізгі басты бағыты – ел болашағына өзінің жасампаз ойларымен, тың идеяларымен және іскерлігімен танылған жастарды қолдау және олардың мүмкіндіктерінің іске асырылуына септігін тигізу. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстығы ұйымдастырған «Әлеуметтік инновациялар» семинар-тренингінің де миссиясы осы болды.
«Кәусар» мейрамханасында бас қосқан озық ойлы отыз жас бәсекеге қабілетті елдің бүгінгі бейнесін белсенді қалыптастыру өз қолдарында екендігін жете сезініп отырды. Олар алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметованың кіріспе сөзін тыңдап, бұл шараның қандай мақсатта ұйымдастырылып жатқанын ой елегінен өткізіп алды. Екінші кезекте аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетованың бүгінгі күн тәртібіне негізделген лекциясына құлақ түрді. Замира Нұрланқызы алдымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік» блогына кеңінен тоқталып, жастардың ол жайлы пікірін біліп, еркін тақырыптағы диалог алаңын құра білді. Әлеуметтік кәсіпкерлік дамуының алғышарттарын, тәсілдерін слайд арқылы көрсетіп, нақты мысалдармен түсіндіріп өтті.
Орталықтың маманы Мария Сермаханова болса «Мемлекетпен тиімді өзара іс-қимыл» блогын жүргізіп, төрт топқа бөлінген жастарға өзара талқылауға жеке-жеке тақырып берді. Қай салада болмасын алғырлығын алға тарта жүретін талғарлық жастар тың идеяларын ұсынып, соның ішінде ауданның әлеуметін көтере алатын жобаларымен бөлісті.
⠀
Кішігірім кофе-брейктен кейін жастар алаңында «Әлеуметтік коммуникациялар», «Әлеуметтік жобалар» тақырыптары қызу талқылауға түсті. Бизнес-жоспарларды, сметаларды, бюджетті құру мен басқару туралы кезекпен-кезек ойларын ортаға тастаған жастардың белсенділіктері кеш басқанша басылған жоқ. Шараның ертеңгі бөлімінде сертификаттар беріліп, үздік идея авторларының жобалары аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан қолдауға ие болатын болады.
⠀
Меруерт Дүйсенғалиева
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ