Әр отбасының махаббат хикаясы өзінше ерекше. Жастықтың қызығында жүрген бойжеткен мен бозбаланың қарапайым таныстығы аса терең сезімге айналып шыға келуі әп-сәтте. Біз сөз еткелі отырған Бірімқұловтар жанұясының тууы да осындай кездейсоқ кездесуден бастау алған. Сыныптасының тойына барған Азамат сол тойда болашақ жарын кездестірем деп әсте ойламаған-ды. Бұған дейін талай тойдың шаңын қағып жүрген бозбала сол тойда алғаш рет шаңырақ құру жайлы ойланады.
Ол ойға түрткі болған көркіне мінезі сай қарапайым қыз Гүлназ болатын. Бала кезден Т.Теменовтың «Махаббат бекетін» көріп, басты кейіпкерлердің романтикаға толы сезімдерін жүрек түбіне ұялатып өскендіктен болар Гүлназ деген есім сондай ыстық леппен, сондай сиқырлы сезіммен баурап алды да қойды…
Ар-намысына берік қазақ қызына қол жеткізу қай заманда қиын болған ғой. Кеген ауданына қарасты Бөлексаз ауылында туып-өскен ауыл қызы Гүлназдың да тәлім-тәрбиесі бөлек-тін. Үйдің еркесі болса да қазақы тәрбиеден аспайтын қылықты қызға жағу Азаматқа оңайға соққан жоқ. Жақын таныса келе үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін қыздан мүлдем айырылғысы келмей, барын салды. Сөйтіп бір-біріне ұқсамайтын күндердің қызығында жүрген Гүлназ үлкен шаңырақтың кенже келіні болып шыға келді.
2011 жылдың ақпанында шаңырақ көтерген екі жас бүгінде бір қыз, бір ұлдың ата-анасы. Көпбалалы ата-ана болуды армандайтын екі жас бүгінде ауданымызға қарасты Нұра ауылында тұрып жатыр. Жуырда аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Бақытты отбасы» онлайын-бейне байқауында біз мақтан еткен отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Әр округтан қатысқан он отбасының ішінен оза шапқан Бірімқұловтар бастысы сынға түсіп мықтылықты көрсету емес некенің жағымды тұстарын насихаттау дейді.
– Отбасы – шағын мемлекет деп бекер айтылмаса керек. Әр отбасы бақытты ғұмыр шексе, еліміздің демографиясы артып, экономикалық тұсы нығая түседі. Қазіргі кезде жастар арасында ажырасып жатқандардың саны көп екені өтірік емес. Біз өзіміздің жанұялық ұстанымымыз, айқын мақсатымыз арқылы сондай замандастарға үлгі болсақ дейміз, – дейді Гүлназ Кеңесбаева бізбен әңгімесінде. Ата-енені сыйлау жағынан сын арқалап көрмеген кенже келін әзірге бөлек тұрғанымен болашақта енесін қолына алып, сырласып шай ішуді жоспарлап жүр.
«Отбасы» деген ұлы ұғымның қадір-қасиетін арттырып жүрген балаларына риза үлкендер сенімдерінің ақталғанына тәубә дейді. Енді немерелерінің де ұлттық шеңберден аспайтын саналы ұрпақ болып өсуіне еңбек етіп жүр. Жас та болса бас болып жүрген Азамат мен Гүлназдың да арманы осы. «Мәңгілік елдің» іргесі осындай ұлағатты отбасы мен өрелі ұрпақтардан қалыптаспайды ма!
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».