Сапалы білім – болашақтың кепілі. Балалардың бүгінгі жаңа технологияларды еркін меңгеруі басты назарда. Ол үшін білім ошақтары бекітілген стандарттарға сай жабдықталуы тиіс. Ауданымызға қарасты білім ордалары да жаңа оқу жылына деген дайындықтарын пысықтап, бірқатар тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, Талғар қаласындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №4 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейіне күрделі жүндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған болатынбыз. Енді, міне, аталмыш білім ордасындағы жөндеу жұмыстарының да соңына таяғанын көріп отырмыз.
1936 жылы бой көтерген тарихи мектептің оқушылары жаңа оқу жылында су жаңа білім ошағының табалдырығын аттамақ.
Соған сәйкес жуырда қаламыздағы №4-ші мектептің жөндеу жұмыстарының барысын көріп, сапасын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың өзі келді. Аудан әкімі Р.Сатбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Айсабекқызы және жұмысқа жауапты мердігер компания басшысы Болат Ишназаровпен кездескен министр, құрылыс нысанын аралып шығып жөндеу жұмыстарының талапқа сай жүргізіліп жатқанына оң бағасын берді. Министрге жасалынған және жасалатын жұмыстар туралы мердігер компания «КАПСТРОГРУП-Т» ЖШС-нің атқарушы директоры Болат Ишназаров есеп беріп, алдын ала құрылған құрылыс жоспары бойынша түсіндіріп шықты. Болат Ишназаровтың айтуынша білім ошағы заман талабына сай етіліп өзгермек. Мектептің қабырғалары, едені мен есік-терезелері толығымен жаңартылады. Тіпті мектептің ауласын түбегейлі жаңарту мәселесі қарастырылып отыр. Бөлінген қаржы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі заман талабына сай етіп жасауға мүмкіндік береді. Алғашқы қоңырау салтанатына дейін қолданысқа толықтай дайын болатынын айтып сендіріп отыр.
Жоспарлы жүріп жатқан жұмыстың жай-жапсарымен танысқан А.Аймағамбетов: «Бала болашағы үшін істелінетін ізгі іс атүсті жасалмауы керек. Тамыз айының 20-сына дейін барлық жұмыс аяқталсын. 21 тамыз күні жұмыс қорытындысын тексеру үшін сапаны бақылау департаментінің өкілдері келетін болады. Жауапкершілікпен алған жұмыстарыңызды межелеген мерзімде қолданысқа сай әрі сапалы етіп өткізіп беріңіздер»,– деп қадағалап айтты.
83 жылдық тарихы бар білім ошағын басқарып отырған Күсекбаева Гүльмира Ержанқызының мәліметінше, 2018-2019 жылдардың қорытындысы бойынша 606 оқушы білім алып келген. Өткен оқу жылын 66,7 пайызбен аяқтаған мектеп ұжымы алдағы оқу жылында білім көрсеткішін еселеуге бар күш-жігерлерін салмақ ниетте.
Жаңа оқу жылының басталуына да аз ғана уақыт қалды. Сондықтан да жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру үшін мердігер компания жұмысшылары күн-түн демей қызу еңбек үстінде. Толықтай жаңарған мектеп ғимараты оқушылар мен ата-аналар үшін керемет сый болмақ.
Дархан Әук,
«Талғар».