Халық даналығында: «Дер кезінде сөндірмеген ұшқын өртке айналады, дер кезінде емделмеген ауру – дертке айналады» – деп айтылғандай, ауруы жанына батқан жан ең алдымен дәрігерге жүгіретінін белгілі. Сондай кезде науқасты сөзімен демеп, дертке шипа болатын ем-домын дер кезінде жасай білетін дәрігерді халық Құдайдай сыйлайтынын көпшілік біледі. «Дәрігер – адам жанының арашасы», – деген сөз бекер емес.
Міне соның бірі – Талғар қаласындағы орталық аурухана бөліміндегі сәбилердің құтты ұясы – перзентхананың педиатор-дәрігері, жоғары дәрежелі маман Фазила Ермекова. 1984 жылы Алматы қаласындағы республикалық медицина колледжін «Қызыл дипломмен» аяқтап, одан соң Асфендияров атындағы медицина университетін бітірген Фазила еңбек жолын Қаскелең қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар бөлімінде бастаған жан. Жас сәбидің дертін анықтап, оны емдеп шығару оңай шаруа емес. Қай жері ауыратынын айта алмайтын сәби алдына шырқырап келгенде, жаны бірге ауыратын Фазила университет қабырғасында ғұлама ұстаздардың айтқандары мен көрсеткен іс-тәжірибелерін ой елегінен өткізіп барып, іске кіріседі. 1994 жылы дәм айдап Талғар ауруханасының перзентхана бөліміне келгенде ол көп нәрседен хабары бар, жетік маман еді. Бұл күндері күн сайын перзентхана бөліміндегі жарық дүниеге келген қызылшақа шарананың денсаулығын тексеріп, қашан үйіне шыққанша сәби мен ананың денсаулығы үшін бір тыным таппайтын Фазила Қалиасқарқызының осы бөлімде еңбек еткеніне биыл 25-жыл болыпты. Өз кәсібін жетік білетін Фазиланы бөлімдегі әріптес дәрігерлері мен медбикелер ерекше сыйлап, құрмет етеді.
«Дәрігердің ең жақсысы – ауруға ауру қоспай кеткені» – деп халық айтпақшы, Талғар перзентханасының педиатор-дәрігері Фазила Ермекова осындай дәрігер.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».