Адам жанының арашасы

Адам  жанының арашасы

«Егер дәрігер аурумен әңгі­ме­лескен соң, әлгі сырқат адам өз бойынан жеңілдік сезбесе, ол – дәрігер емес» – деп ой білгірі Вехтеров айтқандай, жан­ды емдемей, тән­ді емдей ал­майтынын білген дәрігер – ең құдіретті дәрігер. Міне, сондай ақ халатты денсаулық саласының мамандары Талғар ауруханасында да аз емес. Соның бірі – Талғар перзентханасының меңгерушісі, бі­рінші дәрежелі дәрігер, акушер-гине­колог Элвира Талғатова есімді жан. 2002 жылы Есік қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті бітірген жас қыз жүрек қалауымен Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы университетінің емдеу бөліміне түсіп, оны 2009 жылы бітіріп шығады. Жоғары білімді маман 2010 жылы Талғар перзентханасына акушер-гинеколог болып келіп, ана мен бала өміріне жауапты дәрігер болып қызметіне кіріседі. Мұнда сәт сайын болатын ана құрсағынан сәбиін кесіп алу, ана ішіне теріс келген шарананы дүниеге әкелу кезіндегі сан түрлі машақатты басынан өткеретін Эльвира Талғатқызы осылай еңбек пен тәжірбие үстінде пісіп- қайнады. Қазір ол осы бөлімнің жетекші мамандарының бірі. «Дәрігердің үш қа­руы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» – деген шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Ғали иби-Сина бабамыз айтқандай, өз мамандығының шебері, ана мен сәбидің қорғаушысы Эльвира Талғатова алдағы күндері де халық сені­мінен шыға беретініне сенім мол.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».