Әр адамның өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де болмасын үлкен жауапкершілікті жүктейтіні рас. Өйткені дәрігер адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы шарт. Ақ халатты жандардың алдына күніне қаншама адам балтыры сыздап, басы ауырып, шипа іздеп келеді. Дәрігерлерден ем қабылдап, ақ халаттыларға алғысын жаудырып жатады. Міне, осындай елдің ықыласына бөленген білікті дәрігердің бірі – Тұрлыхан Сұлтанов дер едік.
Халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екендігі мәлім. Осы ретте, еліміздің денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген білікті дәрігер Тұрлыхан Бәзілұлының өнегелі істері көпке үлгі болып келеді. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылында туып-өскен Тұрлыхан Бәзілұлы 1973 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіре салысымен еңбек жолын бастап кеткен. Ол қызметін алдымен Алматы клиникалық аурухана интернатурасынан бастады. 1974 жылы Жамбыл аудандық ауруханасында дәрігер-ординатор болып, 1978 жылы осы ауданға қарайлас Дегерес ауылында учаскелік емхананың бас дәрігері қызметіне ауысқан. Онда үш жыл еңбек етіп, 1981 жылы аудандық аурухананың кордиология бөлімінің дәрігері, 1983 жылы терапия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, науқастарды емдеп, аудан жұртшылығына адал қызмет еткен. 1985 жылы Алматы қаласындағы №10 орталық аурухананың цех қызметі меңгерушісі болса, бір жылдан кейін АХБК-ның медицина бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, 1988 жылдан 1992 жылға дейін №8 орталық ауруханада дәрігер-терапевт қызметін, 1992-1993 жылдары АПТК-1 меңгерушісі, 1993 жылдан 1997 жылға дейін дәрігерлік амбулатория меңгерушісі, 1997 жылдан 2000 жылға дейін 3 ЛПУ-да учаскелік дәрігер-терапевт, 2005-2009 жылдар аралығында №14 орталық ауруханада дәрігер-терапевт, 2009 жылы осы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. 2011 жылы Талғар қаласындағы «Ақниет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болып тағайындалып, бүгінгі таңға дейін табанды еңбек етіп келеді.
Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екендігін мойындайды. Бүгін адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауының арқасында Тұрлыхан Бәзілұлы «Ерен еңбегі үшін» медалін жарқырата қадап, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі мен «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Бүгінде жетпіс жас жеті белеске жетіп, отбасының алып бәйтерігіндей тамырын тереңге жайып, бес перзентінен немере-шөбере сүйіп отырған Тұрлыхан Бәзілұлы бақытты жан. Ендеше, Алла осы бақытыңызды баянды етіп, ұзақ ғұмыр бергей. Мерейтой құтты болсын!
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».