Күні кеше, маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлау еліміздің тарих беттеріне жазылған маңызды науқан болды. Президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге дейін жалғасты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенер болсақ, бұл күні ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеген екен. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған. Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар екен. Елінің болашағына алаңдаған әрбір азамат сайлауға қатысып, дауыс беруге тиісті. Себебі, бұл бір адамның емес, бір халықтың болашағына, тағдырына әсер ететін мәселе. Мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін елдегі әр азаматтың президент сайлауына қатысып, өзінің таңдауын жасауы үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен де Қазақстанның азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, таң сәріден сайлау учаскесіне барып дауыс бердім. Бұл күні сайлау учаскелерінде әуезді ән ойнатылып, сауда-саттық ұйымдастырылып, түрлі көрмелер қойылыпты. Алғаш рет дауыс беріп жатқан жастарға сыйлықтар да табыс етіліп жатты. Сайлаушыларды сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының мүшелері жылы шұраймен қарсы алып, дауыс беру тәртібін түсіндіріп, тіркеуге алып отырды.
Бүгін сайлау қорытындысынан хабардар болып қуанып отырмыз. Басым дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Елімізді отыз жыл басқарып, еңсесін көтеріп, терезесін теңестірген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім артқан өкілінің өз орынын басқаны қуантты жұртшылықты. Қасым-Жомарт Кемелұлы білікті саясаткер, еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосқан азамат. Еліміздің ішкі-сыртқы саясатында да өзінің табандылығын көрсете білген тұлға. Сондықтан да қазақстандықтардың басым көпшілігі бұл кандидатқа үлкен сенім артып, ел тізгінін тапсыруды жөн санаған. Кешегі сайлауда сайлаушылардан басым пайыз дауыс жинаған «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Кемелұлының жеңісі құтты бюолсын! Алда еліміз үшін аянбай еңбек етіп, нұрлы жолымызды кемелдендіре түседі деп сенеміз.
Рита Рғынбаева,
Политехникалық колледждің оқытушысы.