Еңбек маусымы басталды

Еңбек маусымы басталды

Ауданның еңбекқор жастарының басын біріктіретін «Жасыл ел» еңбек жасақшыларының кезекті маусымы ашылды. Аудандық кітапхананың «Coworking» орталығында өткен ашылу шарасына кітапхана қызметкерлерінен бөлек жасылелдіктер де зор ілтипатпен қатысты. Өткен жылдың еңбек маусымында 58 жас жұмысқа тартылса, биыл ол сан еселеніп, 75 жұмыссыз жас жасақшылар қатарында болмақ. Соның 25-і маусым айына тіркеліп, алғашқы қадамдарын бастап та кетті. Жастарды құттықтаған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы ертеңің жарқын болу үшін еңбектен қашпау керектігін жеткізді. Өмір жолынан естеліктер айтып, жастарға ақыл-кеңесімен бөлісті. Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Батырканов еңбек жасақшыларына қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, маусым ішінде атқарылатын акциялардан, қоғамдық шаралардан тыс қалмай, белсенді еңбек етуге шақырды. Жұмыс істегені үшін лайықты еңбекақы алатындығын да жеткізді. Өткен маусымда белсенділігімен, жауап­кершілігімен көзге түскен Жандос Әріпбай замандастарын заманға сай жан-жақты, креативті болуға үгіттеді. Осылайша еркін форматта ашылған еңбек маусымы жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу қабілетін арттыра түспек.

Жуырда жасылелдіктер Мәлкеев көшесі 35-ші үйде тұратын ҰОС-ның ардагері Әбдірахым Садықовтың үйіне барып, үй шаруасына көмектесіп қайтты. Қа­рияның үйінің ішіне, сыртына тазалық жұмыстарын жүргізіп, әктеу, сырлауды да ерінбей атқарған жастардың еңбекқорлығы сүйсіндірді. Ардагер де үлкенді сыйлай білген тәуелсіз елдің жастарына алғысын білдіріп, батасын берді. Алғашқы жұмыстарын алғыстан бастаған жасақшылар жаз бойы осы қалыптан жазбайтындығына сендірді.

М.Бөлек.