«Тіл шебері – 2019» дәстүрлі байқауы жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өз саласының кәсіби маманы деп танылған мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында жүзеге асып келеді. Жуырда облыс орталығында өткен сайыста аудан намысын Э.Ерниязова мен М.Мамытбай қорғап қайтқан еді. Облыстың әр ауданынан келген өнерпаздар арасында бақ сынаған біздің жерлестер бәйгені қолдан бермеді. Талғар қалалық әкімшілігінің бас маманы Эльмира Мұратбайқызы облыстың бас жүлдегері атанса, М.Мамытбай басқарманың «Алғыс хатымен» марапатталды. Енді Эльмира облыстың намысын қорғау үшін республикалық конкурсқа барады.
«Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл», – деп өсиет айтқан ата-бабаларымыздың сөзін есінен шығармаған талғарлық талантты біз де құттықтап, талабы ұштала берсін дейміз.
«Талғар ақпарат».