Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың аудандық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жалғастыруда. Күні кеше партияның штаб өкілдері Талғар қаласында орын тепкен «Аяла» арнаулы-әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуге «Нұр Отан» партиясының облыстың қоғамдық штабының мүшесі Найля Үмбетова, аудандық қоғамдық штаб мүшелері Бағила Жолтаева мен Перизат Нұрқаева қатысты. Сайлаушылар алдында алғы сөзді Найля Бейсенбайқызы алып, кандидаттың өмір жолын, атқарған қызметін тілге тиек етті. Сонымен қатар кездесуге жиналғандарға Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасының барлық қағидаларымен таныстырып, ел өмірінің барлық саласында күтілетін өзгерістер туралы айтты. Одан кейін сөз алған Бағила Жолтаева мен Перизат Нұрқаева да өркениетке бастаған еліміздің кешегісі мен бүгіні туралы сыр шертіп, алдағы сайлаудың маңыздылығын алға тартып, еңбек ұжымын сайлауға белсене атсалысуға шақырды. Елбасымыздың сенім артқан кандидатына дауыс беруге үндеді. «Аяла» арнаулы-әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ләззат Әбдірахманова мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға көрсетіліп отырған қолдау туралы, осы сала мамандарына жүктелер жауапкершіліктің жоғары екенін айта келіп, сайлауға қатысып, дауыс берудің ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, ұжымының алдағы науқанда белсенділік танытатынына сенім білдірді.
Жиын соңында жалпыұлттық «BIRGE» акциясы аясында еңбек ұжымының ұсыныс-тілектері тыңдалып, сенім жәшіктеріне жазбаша ұсыныстары жинақталды.
«Талғар-ақпарат».