Құқықтық мәдениет – қауіпсіз қоғам негізі

Заңды білу және оны құрметтеу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік әр адамның өз құқығы мен міндетін түсінуінен, белгіленген талаптарды сақтауынан басталады.

Талғар ауданында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға да ерекше мән берілуде. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап ауданның 10 мектебі мен 3 колледжінде «Заң және тәртіп» пәні пилоттық режимде енгізілді. Сабақтардың негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңға құрмет пен әділеттілік қағидаттарын қалыптастыру.

Құқықтық тәрбие – тек мектеп қабырғасындағы сабақпен шектелмейді. Отбасындағы тәрбие, қоғамдық ортадағы мінез-құлық және әр азаматтың заң талаптарына деген көзқарасы да маңызды рөл атқарады.

Заң үстемдік еткен қоғамда азамат өзін қауіпсіз сезінеді, ал жауапкершілік қалыптасқан ортада құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік артады.

Заңды құрметтеу – өз құқығыңды да, өзгенің құқығын да қорғау.