Таза орта – ортақ еңбектің нәтижесі

Тазалық – айналаны көркейту ғана емес, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің көрсеткіші. Бір талдың отырғызылуы, бір аумақтың тазалануы немесе қоқыстың белгіленген орынға тасталуының өзі туған жерге деген жанашырлықтан басталады.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Алматы облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2026 жылдың басынан бері облыста 77 мың көшет отырғызылды. Көктемгі кезеңнен бастап 8 ірі тазалық шарасы ұйымдастырылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін өңірде 220 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Бұл көрсеткіштер табиғатты қорғау жұмысының ауқымын ғана емес, оған тұрғындардың белсенді қатысып отырғанын да көрсетеді. Таза көшелер мен жасыл желек – жайлы елді мекеннің маңызды бөлігі.

Қоршаған ортаны қорғау бір күндік акциямен аяқталмайды. Ол әр адамның күнделікті дағдысына айналғанда ғана нақты нәтижеге жеткізеді.

Таза Қазақстан – таза ойдан, таза әрекеттен және ортақ жауапкершіліктен басталады.