Несиенің 70 пайызын банк, 30 пайызын мемлекет төлейтін болды

Несиенің 70 пайызын банк, 30 пайызын мемлекет төлейтін болды

Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекет несиені қандай жағдайда төлеп беретінін түсіндірді, – деп хабарлайды ТалғарАқпарат Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Әлихан Смайылов кейбір несиелер коллекторларға өтсе де, банктің балансында қалатындығын ескертті. Мұндай жағдайда қарыздың айыппұлы мен өсімпұлы, сондай-ақ 300 мың теңгеге дейін берешегі бар тұрмысы төмен отбасылардың қарыздары өтелетінін жеткізді. Егер несие коллекторлық бюроға өтіп кеткен жағыдайда, ешқандай көмек болмайтындығын, аталған азаматтар қарызында, айыппұлды да өздері өтейтіндігін айтты.

«Банктер мен микроқаржыландыру ұйымдары коллекторлармен жұмыс істеген кезде дебиторлық берешекті сатуы да, сатпауы да мүмкін. Бірінші жағдайда банктер сотқа жүгінбей тұрып, коллекторларға берешекті қайтаруға тапсырма береді. Ондайда дебиторлық берешек банкте қала береді. Сондай берешекті біз өтейміз. Ал дебиторлық берешек коллекторлық агенттікке сатылған кезде, ол банкте қалмайды»,  деді қаржы министрі.

Смайыловтың айтуынша бүгінде айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 58 млрд теңгеден асқан. Оның 70 пайызын банктер өтесе, қалған 30 пайызы мемлекет есебінен төленеді.

Тұрмысы төмен азаматтар үшін осындай жеңілдікпен қоса 300 мың теңгеге дейінгі банк алдындағы қарызы кешірілмек, бірақ несиенің сомасы 3 млн теңгеден аспауы керек.

Тұрмысы төмен азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, жетім балалар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады.

ТалғарАқпарат