Бүгінгі жаңару уақытына сай білім мен біліктілікті арттырып, шығармашылық тұрғыда жұмыс істеу – бастауыш сынып мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктейді. Осы себепті, Бесағаш ауылындағы №45 мектеп-гимназияда ұстаздардың іс-тәжірибесін шыңдап, өзара алмасуда «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2019» байқауы жоғары дәрежеде өткізілді.
– Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқаудың басты мақсаты – шығармашылықпен жұмыс жасайтын, ойы терең, кәсіби шеберлігі мен функционалдық сауаттылығы жоғары, өзіндік жаңашыл идеясы бар бастауыш сынып мұғалімін анықтау. Бұл байқауда ауданның 36 орта мектебінен іріктелген 36 мұғалім бақ сынаспақ. Жүзден жүйрік шыққан байқау жеңімпазы облыстық сынаққа жолдама алады, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Анар Мухатова.
Үш кезеңнен тұрған бұл байқауға бастауыш сынып мұғалімдері жан-жақты дайындықпен келгендіктерін бірден аңғартты. Байқау талаптарына сай сабақ өткізудегі шығармашылық ізденістері мен жаңашылдыққа ұмтылған тақырыптық тапқырлықтары, озық идеялары көңіл көкжиегін кеңейтті. Бірінші кезеңдегі жаңашыл технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткізген сабақтан үзінділері өте тартымды да мазмұнды болғандығын айрықша атамақпыз. Одан кейінгі кезеңдерде де бастауыш сынып мұғалімдері тиянақтылықтарымен танылып жатты. Әсіресе, педагогика мен психологиядан кездесетін тест сұрақтарына да кідірместен жауап берулері олардың білімдарлығы мен ізденімпаздығын айқындай түскендей.
Сонымен ұзақты күнге созылған байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені №1 орта мектептің мұғалімі Чинара Шарипова жеңіп алса, 1-орынға №35 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлзира Исабекова, С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің мұғалімі Айнаш Сәрсембиева және №16 орта мектептің мұғалімі Әйгерім Атишовалар тұрақтады. Ал жүлделі 2-ші және 3-орындар №41,42,39,7 және №40,15, 34,13 мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне тиесілі болды.
Байқауға қатысушы басқа да мұғалімдердің барлығы «Ізденімпаз», «Шығармашыл», «Жаңашыл» және «Зерттеуші» номинацияларымен, белсене қатысқаны үшін «Мақтау қағаздарымен» марапатталды.
Перизат АУҒАНБАЙҚЫЗЫ,
«Талғар».