Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті қырық үшінші сессиясы өткен болатын. Сессия жұмысына мәслихат депутаты Қайрат Исабаев төрағалық етіп, сессияға аудан әкімі Рыскелді Сатбаев пен облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Бахытжан Мухамеджанов, қоғамдық кеңес төрағасы Қалимолда Байболов, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бөлім, мекеме басшылары, Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды. Сессия жұмысы басталмас бұрын жиылған көпшілік аудандық мәслихат депутаты, ауданымызға сыйлы азамат Светлана Алмабекованы еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады. Әрі қарай сессияның күн тәртібі мен регламентін бекітіп, күн тәртібіндегі бірінші мәселеге кезек берді. Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Жасыбаева күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауданның 2018 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы» есебін берді. Өз есебінде бөлім басшысы аудан бюджетінің өткен жылы 18 365 554,0 мың теңгені құрағанын, оның ішінде салықтық түсімдер 3926290,9 мың теңге болса, салықтан тыс түсімдер 37 367,0 мың теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 606 164,1 мың теңгеге жетіп, трансферттердің түсімдері 13 795 732,0 мың теңгені құраған. Ал шығындар 18 768 320,3 мың теңге болған. Таза бюджеттік кредит беру 99 283,6 мың теңге болса, қаржылық активтермен болатын операциялар бойынша сальдо 5000,0 мың теңге, бюджеттің тапшылығы (профицит) -507050,0 мың теңге, бюджеттің тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) 507050,0 мың теңге, қарыздардың түсімі 432742,0 мың теңге, қарыздарды өтеу 17744,2 мың теңге болған. Есепті кезең соңындағы бюджет қаражаттарының қалдықтары 146784,4 мың теңгені құраған. Баяндамашыны тыңдап болған соң облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Бахытжан Мухамеджанов пен аудандық мәслихат депутаты Дархан Абдихамитовтер кезекпе кезек сөз алып, баяндама тұрғысында өз ойларымен бөлісті. Халық қалаулылары есепті қанағаттарлық деп танып, бекітті. Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес Талғар ауданының денсаулық сақтау мекемесінде, аудан мектептерінде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы» аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы баяндап берді. Аудандық аурухана басшысының орынбасары Қарлығаш Қасымбекова баяндамашыны толықтырып, ауданымыздың денсаулық саласында атқарылып жатқан істер жайын жеткізіп, депуттардан түскен сұрақ-сауалдарға жауап берді. Содан кейінгі кезекте мінберге көтерілген Қайнар ауылдық округінің әкімі Жандос Ясинов күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 Жарлығына сәйкес аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттер мен іс-жоспарлары туралы» баяндады. Ауданымыздағы ең үлкен ауылдық округ саналатын Қайнар ауылының тыныс-тішілігі туралы баяндаған ауыл әкімінің есебі де қанағаттанарлық бағасын алды. Сессия соңында аудандық мәслихаттың келесі кезекті сессиясының күн тәртібі бекітіліп, сессия төрағасы сайланды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».