Бүгін Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Айтулы жиында 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауында партия атынан түсетін кандидаттың есімін білдік. Яғни бас партия өз тарапынан президентке кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.
Меніңше, бұл бірауыздан қолдайтын шешім деп білемін. Қасым-Жомарт Кемелұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары болып еңбек еткен. Ал бұл аталмыш ұйым дүниежүзіндегі экономикалық, гуманитарлық және әлеуметтік мәселелерді шешетін үлкен ұйым есебінде екенін жақсы білеміз. Осындай жоғары деңгейдегі қызмет баспалдағын көрген азаматтың еліне де берері мол болмақ. Көзі ашық, көрген түйгені мол азамат ел тұтқасын ұстаса халықтың да әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсаратын еді. Қазір де шүкір ел іргесі тыныш, ел іші бүтін ғой. Дегенмен, соңғы кездері халықтың көкейіндегі сауалдар су бетіне шығып жатқандықтан әрі ұстаз, әрі ана ретінде алаңдаушылық білдіріп жатқан жайым бар. Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкімет басшысы болып тұрған кезінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары осы кісінің тұсында айқындалғанын ұмыта қоймаған отандастары сайлау кезінде бірауыздан қолдайтындығына шүбәм жоқ. Ең бастысы сайлау әділ өтіп, халық өз қалауын дұрыс таңдай білсе деймін. Қанша дегенмен бағыты айқын бас партия ұсынған кандидат халықты тыңдай да, тыңдата да білгендіктен өзге кандидаттарға оңай соқпасы белгілі болып тұр.
Аяулым Оспанова,
№15 орта мектептің мұғалімі.