ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӨМІР ҚАЖЕТТІЛІГІ

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӨМІР ҚАЖЕТТІЛІГІ

Балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру қазіргі таңда барлық əлем жұртшылығының назарын аударып отырған мəселе. Инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу жəне əлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық жəне əлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Осы аптаның басында аудандық «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше оқытуды қажет ететін балаларға инклюзивті білім беретін колледждер мен мектеп, балабақшаларға мониторинг жүргізу мақсатында арнайы қоғамдықпартиялық бақылау комиссиясы құрылған болатын. Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мейрамгүл
Ермағанбетова бастаған комиссия ауданымыздың білім ошақтарындағы инклюзивті білім беру жүйесінің жүргізілу барысын бақылады. Партияның мониторинг жүргізудегі басты мақсаты барлық деңгейдегі тұлғалардың сапалы білім алуға тең құқығын жүзеге асыру болатын. Ауданымызда 0 мен 18 жас аралығында ерекше оқытуды қажет ететін 795 бала бар екен. Олардың арасында 109 мектеп жасындағы бала, 12 мектепке дейінгі бүлдіршін, 20 колледждердегі жасөспірімдер инклюзивті білім алуда. Белбұлақ ауылындағы №32 орта мектеп пен №10 орта мектептерден өз жұмысын бастаған комиссия білім ошақтарындағы инклюзивті білім беру жүйесі бойынша қойылған талаптардың орындалуын қадағалап, мектеп психологтарының ерекше оқытуды талап ететін балалармен жұмыс жасау жолдарын бақылады. Балаларға арналған кабинеттерді көріп, оның тиісті деңгейде жабдықталуын назарға алды. Білім ордаларының басшылары мен психолог мамандардың тиянақты жұмыстары комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Игі шара барысында қойылған талаптар бойынша мониторинг жүргізіліп, мектеп əкімшілігі тарапынан ұсыныстар қабылданды. Мониторинг жүргізу жоспарлы түрде əрі қарай да жалғасын таба береді.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».