Еліміз үшін тағы бір тарихи шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев қазақ еліне үндеу жариялап, Президенттік сайлаудың кезектен тыс өтетін уақытын белгіледі. Бұл жауапты шешімді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіне отырып қабылдаған Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізудің маңызын айтып өткен еді. Жоғарғы биліктің заңды және бейбіт жолмен ауысып жатқанын алға тартқан ол Елбасының сара жолымен жүріп келе жатқанымызды айтты.
Қазақстанда соңғы президент сайлауы 2015 жылы 26 сәуірде өткені есімізде. Ол да кезектен тыс сайлау болған еді. Елімізде бес рет президент сайлауы және бір рет мемлекет басшысының өкілетін созуға арналған референдум өтіп, барлығында Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жеткен болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты мен еңсерген ерен еңбегінің арқасында еліміз күн санап дамып, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарды. Жас мемлекетіміз әлемдегі дамыған елдермен терезесін теңестіріп, өзін мойындатты. Қазақстанның демократиялық мемлекет екенін тілге тиек еткен Президент алдағы сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін жеткізді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты», — деді мемлекет басшысы алдымызда зор міндеттер тұрғанын, Қазақстан халқына сенім артатынын айтты. Алдағы маңызды науқанға біркісідей атсалысып, маңызды шешімді бірге қабылдайық!
Мейіржан Әділбеков,
Бесқайнар ауылдық округінің әкімі.