Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Үндеуін тікелей эфирден тыңдадым. Әрқайсымыз үшін маңызы зор бұл Үндеудің негізгі өзегі — кезектен тыс Президенттік сайлау қашан өтетіні нақтыланғандығында еді. Мемлекет басшысы бұл жауапты шешімді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен, Парламенттің қос палата спикерлерімен, Премьер-Министрмен ақылдаса отырып, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіне отырып жариялағанын жеткізді. Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге сарабдал басшы қажет екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр.
Шындығына келсек, тарихтың сан қатпарлы жолынан өткен еліміз үшін тәуелсіздіктің алғашқы он жылы оңай болған жоқ. Қазақ ел арасында он саусақтың саласындай, бір ананың баласындай татулық пен бірлік, шыдамдылық пен төзімділік (толеранттылық) керек болды. Ондай жағдай болуы үшін елді соңына ерте білетін, ақылды, білгір, көреген саясаткер, басшы болатын азамат керек еді. Тәңір қолдап, халқы қалаған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тәуба, бүгінгідей жақсы күнге де жеттік. Елбасының саясатына алтын көпір бола білген отаншыл, халықшыл, ұлтжанды азаматтар да табылды. Тәуелсіз елін 30 жылға жуық басқарған Елбасымыз өз өкілеттілігін тоқтатқан кезде «енді қалай болар екен?» деп абдырап қалғанымызды несіне жасырайық. Бағытымыз бен мақсатымыз айқындалып, әлемге танылған жас мемлекеттің іргесін шайқалтпай, шаңырағын биік ұстайтын салиқалы басшы керек екендігін расымен де сезіне бастадық. Сондықтан алдағы сайлауда зайырлы мемлекеттің заң талаптарына сай келетін сарабдал көшбасшысы келеді деген үмітім зор.
Елбасының ел ертеңі үшін жасаған бастамалары көп, жоспарлары орасан. Президент бастаған игілікті істер соңына дейін жетуі керек. Бұл – көпшілік тілегі деп білемін.
Махамбет Хармысов,
аудандық кітапхана директоры.