Шаруашылық өрлеу үстінде

Шаруашылық өрлеу үстінде

«Егер ісім өнсін десең, ретін тап», – деп данышпан Абай айтпақшы, ауқымды кəсіпті қолға алып, оның шырайын шығарып жүрген шаруа қожалықтары ауданымызда аз емес. Соның бірі – Еңбекші ауылындағы Бейбіт Ғабдуллин басшылық ететін «Еңбек» шаруа қожалығы. Бұл қожалықтың құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, ауқымды істерді қолға алған олар асыл тұқымды «Семинтал» ет-сүт бағытындағы сиыр малын өсіруде.

Чехославакиядан сатып əкелген 66 бас ірі қара малы көбейіп, қазір оның саны 216-ға жетті: «Сиырдың сүтітілінде» – демекші, жем-шөбі мол, күтімі жақсы 80-нен астам сауылатын сиырдан тəулігіне 1 тоннадан аса сүт сауылып, ол «Райымбек — Агро» сүт зауытына жөнелтіледі. Мұнда сүт сауу құрылғылары түгел автоматтандырылған, əрі сүт құрамын зерттейтін арнайы зертхана жұмыс істеп тұр.

Малдың қыстан қоңды шығуы жем-шөпке байланысты екені белгілі. Бұл жердегі асыл тұқымды сиырлар өзге малдан етті, əрі сүтті мол беретіндігімен ерекшеленеді. Облыс бойынша сүттің майлылығы орта есеппен 3,6 пайыз болса, бұл сиырлардың сүті – 4,6 пайызды құрайды. Шаруашылық өткен жылы 196 тонна жүгері сүрлемін дайындап, жем-шөпті Бақанас өңірінен сатып алған. Шаруа қожалығында ірі қараны азықтандыру жəне сауумен 6 адам айналысады. Бəрі де бесаспап маман. Əсіресе 30 жылдан астам механизатор болып келе жатқан, «Беларус-82» жəне ағылшындық көпсалалы «JSB» тракторын шыр айналдырып жүргізетін Қайрат Қалмақбаев сынды еңбеккерлер мұнда баршылық.

–  Ауыл ішінде «Еңбек» шаруа қожалығының құрылғаны бізге де жақсы болды. Осы қожалықта механизатор болып еңбек ете бастағаныма көп бола қойған жоқ. Еңбекті жан- тəнімен сүйген адамға жұмыстың қиындығы бола ма? Кез келген жұмысты атқарып жүре береміз. Өйткені, ортақ жұмыстың ілгері басуы ұжым мүшелерінің ауызбіршілігіне байланысты, – дейді ол.

«Қатты жерге – қақ тұрар, қайратты ерге бақ қонар» – демекші, ауызбіршілігі мол «Еңбек» шаруа қожалығы бұл күндері көкөніс өсіру үшін 1,3 гектар жерге жылыжай салуда. Ол іске қосылса, ауыл тұрғындарының біразы қосымша еңбекке тартылмақ. «Кəсіп түбі – нəсіп» – демекші, уақыт өткен сайын өрлеу үстінде келе жатқан «Еңбек» шаруа қожалығының мүшелері алысқа көз тігуде.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».