Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланып, жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшы болды. Шын мәнінде, Елбасының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Еліміз бүгінде бүкіл әлемге танымал жаңа атқа ие болды. Ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен ғасырлар бойы қорғап, біздерге аманат еткен ұлан-ғайыр жеріне қазақ елінің туын тігіп, әлем танымастай етіп өзгертті. Бүгінде қазақтай кең пейілді, дархан көңілді ел барын, Қазақстандай мемлекет барын әлем мойындады. Өзін өз ұлтына ақыл-парасытымен, білімдарлығымен, көрегендігімен сыйлата білген Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейіндегі беделінің зор екендігі де күнделікті ақпарат көздерінен айқын сезіледі. Елбасымыз арқылы күллі әлем Қазақстанды тани түсуде. Елбасының шетелдерге әрбір сапары қанатымен су тасыған қарлығаштың тірлігіндей ел қамы болғаны даусыз. Ұлт көшбасшысының ел астанасын Сарыарқа төсіне көшірудегі көрегендігін қалай айтпасқа? Қазіргі Астана танымастай құлпырып барады. Жаңа астанамыз бүгінгі күні өзінің зәулім құрылысымен ғана емес, рухани орталықтарымен де көркейіп келеді. Бұл жайында бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлына «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісін де табыс етті. Бұл марапаттар лайықты иесін тапты деп ойлаймын. Отыз елімізді басқарып, мемлекетіміздің негізін қалаған ұлт көшбасшысының кешегі өз еркімен өкілеттілігін тоқтатуы тағы да оның ұлылығын айшықтады. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтаймыз. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін өз мүддесінен артық қоятын Елбасындай ерлердің арқасында, Қазақ елі мәңгілік ел болып қала береміз!
Сұлтан Нұрдаулетов,
аудандық мәслихаттың депутаты.