Біз Кеңес Одағы кезеңінде өмірге келіп, еңбек еттік. Құдайға шүкір, Одақ ыдырап, тәуелсіздігімізді алдық. Бірақ тәуелсіз ел болғаннан кейін де бұрынғы кезеңді аңсайтындар болды. Өйткені жоспарлы экономиканың аясында қимылдап, тек мемлекеттің қас-қабағына қарап отырғандар жаңа нарықтық экономиканың заңдарын жатсынғаны анық. Иә, тәуелсіздіктің бас кезінде жағдайымыз өте қиын болды. Тіптен халық тұтынатын тауарлардың өзі қат болатын. Елбасымыз осындай қиын кезеңнен халықты аман өткізіп, аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекеттің буынын қатайтты. Экономикамызды өркендетіп, жағдайымызды жақсартты. Соның арқасында бүкіл дүниежүзі танитын бақуатты, іргелі елге айналдық. Басқа елдердің бір ғасырда бағындыра алмаған межесін біз ширек ғасырда басып өттік. Елбасының ерекше еңбегінің бірі халықымыздың татулық пен бейбітшілікте тіршілік етуі. Бүгінде талай елде соғыс өрті тұтанып, халқы өзге елден бақыт іздеп босып кеткенін күнде көріп-біліп жүрміз. Осындай кезде біздің еліміздің тыныш та бақытты өмір кешіп жатқанына Елбасына алғыс айтуға тиіспіз. Елбасымыздың ерен еңбегін ел жадында қалдырып, кейінгі ұрпаққа үлгі қылу үшін Елбасы атына әр облыс орталығындағы орталық көшелердің атын беру керек деген бастаманы қос қолдап қолдаймын. Бұл Елбасына қазақ халқының берген тарихи бағасы болмақ.
Қалимолда Байболов,
аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы.