Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызынан бастап, републикалық телеарналардан өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.
Мен үшін Нұрсұлтан Әбішұлы нағыз Көшбасшы, нағыз елі сүйген, елін сүйген тұлға. 30 жылға жуық ел басқарған кезеңінде Елбасымыз бізді, жастарды, үнемі қолдап, жарқын болашаққа бастап, әкелік қамқорлығын танытты. 2005 жылдан бері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы еліміз бойынша мыңдаған жасты маусымдық жұмыспен қамтып, 45 миллион түп ағаш отырғызылды. Әлемдегі 155 мемлекеттің арасында Қазақстан жастарының сауаттылық индикаторы 15-ші орында болуы – Елбасының еңбегінің жемісі деп білемін. Н.Әбішұлының: «Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір» деген аманатын орындау басты парызымыз. Біз, жастар, алдағы уақытта елімізді қорғап, оны нығайта түсуге, бар білімімізді, күш-қуатымызды Отанымызды өркендетуге жұмсауымыз қажет.
Замира Қалымбетова,
Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі.