Заманауи орталық жастар үшін

Заманауи орталық жастар үшін

«Нұр Отан» партиясына – 20 жыл

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай барлық білім ошақтарының кітапханалары жаңа форматтағы жастар орталықтарына айналуда. Сондай «Коворкинг» орталықтарының бірі Еңбекші ауылындағы №39 орта мектепте салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззәт Құрманбаева, Кеңдала ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Бексұлтан Көлбаев пен барлық мектептер директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Партияның қолдауымен ашылып отырған «Коворкинг» орталықтарының мақсаты – кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, кітап қорын электронды форматқа көшіру. Мектеп кітапханалары тек кітап оқитын орын ғана емес, түрлі семинар-кеңестер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын білім орталығы болуы тиіс.

Салтанатты шарада алғы сөзді аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Сағынжанқызы жобаны жүзеге асыру мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, мектеп ұжымына алғысын білдіріп, жастарға жылы лебізін арнады. Одан кейін мектеп директоры Гүлфайра Нұрмұханқызы сөз алып, орталықтың жұмысымен таныстырды. Кішкентай өнерпазымыз Алуа Исақожа қонақтарға арнап «Жүрегім қазақ» әнін тамылжыта орындап берсе, ауыл ақсақалы Бексұлтан Көлбаев ақ батасын беріп, «Коворкинг» орталығының көк лентасы салтанатты қиылды. Тәттіден шашу шашылды. Міне, аталмыш жобаның концепциясымен жете танысқан мектеп директоры Гүлфайра Нұрғазиева «Коворкинг» орталығын бес аймаққа бөліп жабдықтаған екен. Іс-шара алаңы, балаларға арналған алаң, оқу алаңы және ашық қор, кітап қорының аймағы және ІТ зона. Бұл орталықтар жастар күнделікті оқуға дайындалып, ғылыми жұмыстарын жасайды. Кофе ішіп отырып, түрлі тақырыптарда пікір алмасып, қолөнер шеберлерімен бірлесе жұмыс жасап, шахмат, үстел теннисин ойнап уақыттарын тиімді өткізеді.

Орталықты аралап көріп, мол әсер алған көпшілік мектептің акт залына бет алып, ондағы «Жастар жылының» ашылуына орай ұйымдастырылған әсем кештің куәсі болды. Салтанатты кештің тізгінін білім ошағының жас мамандары ұстады. Алдымен айбынды Әнұранымыз шарықтай шырқалып, жастарға жігер берер жыр шумақтарымен кеш пердесі түрілді. Мектеп тарихынан сыр шерте отырып, жас мамандардың мектеп қабырғасындағы өмірлері бейнеленген бейнеролик сахна төріне қойылған экран арқылы көпшілікке ұсынылды. Бүгінгі күні мектеп қабырғасында 19 жас маман шәкіттерді білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беріп жүр. Олардың 17-і жоғары білімді болса, 2-еуі арнаулы орта білімді жастар.

Ортаға алып бәйтерек бейнесін алып шыққан жастар сол бәйтерекке бір-бір жүрекшелер жапсырып, мағынасы кең идеяларын паш етті. Тамырын тереңге тартып, жапырағын жайқалтқан бәйтеректі  өз басым білім ағашына теңедім. Тамыры-аға буын ұстаздары болса, ағашты ұстап тұрған өзегі-мектеп басшысы, жайқалған бұтақтары-бүгінгі жас мамандары, ал жасыл желек жапырақтары-шәкірттері. Жүрекшелерін бұтақтарға байлаған жастардың түпкі ойлары-алтын ұяларын биік белестерге жеткізіп, білімді де өнерлі шәкірттер тәрбиелеу екенін түсіндік. Салтанатты кеште жас мамандардың бірі күмбірлесе күй ойнаса, енді біреулері рухты әндерін тарту етті. Үш тілде оқыған өлең жолдары мен  топ болып орындаған «Мен қазақпын!», «Алға, Қазақстан!» әндері де жастардың жігерлі рухын жанығандай болды.

Кеш соңында ауыл әкімі Алмас Өмірзақов бастаған қонақтар кезекпе-кезек сөз алып, жиылған көпшілікті «Жастар жылының» ашылуымен құттықтап, мектеп ұжымына алғыстарын жаудырды. Жиынды қорытындылаған мектептің «Жастар» ұйымының жетекшісі Айжан Саурикова Елбасының ел жастар алдына қойған мақсаттарына жету жолында аянбай еңбек етіп, болашаққа жаңа серпінмен нық қадам басуға дайын екендіктерін алға тартып, жас мамандардың алдағы күндерге межелеген міндеттерін үш тілде еркін жеткізді. Кешті алдыңғы буын ұстаздарға деген құрметтерін паш ете аяқтаған жастар, кешке келген қонақтармен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып жатты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».