Жасампаз білім ошағы

Жасампаз білім ошағы

Белсенді, күш-жігері мықты, мақсат-міндеті айқын жастардың дені қаламыздағы Жамбыл Жабаев атындағы №6 мектепте шоғырланған ба деп қаласыз. Олай дейтініміз, білім  саласында озық шығып жүрген — аудандық додалардан бастап сонау халықаралық деңгейдегі байқаулардың  жүлдегерлерінің басым бөлігі осы білім ошағының шәкірттері. Мансия Нұрқасымқызы басшылық жасайтын   мектеп ұстаздары  ұлттық тәрбиесі аңқыған бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындай отыра қазіргі әлемнің заманауи талаптарына сай келетін, әлемдік сынға  төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына  баса назар аударады.  Оқушыларының білімділігіне, ұстаздарының біліктілігіне мектеп қабырғасында өткен «Жастар жылы – жастардың жаңа қыры»  атты жастар форумында өзіміз де куә болып қайттық.

Республика деңгейінде аты мәшһүр «Өрлеу» ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен бастау алған кеш аяғына дейін тек патриоттық рухта өрбіді. Жүргізушілер де жалынды, сылдыр сөздерден қашып, жастардың сана-сезімін оятар  афоризмдермен  кеш бойын әрлей түсті. Мектептің дарынды, беткеұстар оқушылары ортаға шыққанда қазақтың болашағының іргетасы берік қаланып келе жатқанына сенбеске амалың қалмайды. Айбар Шора, Аружан Қонысбай, Жібек Абайқызы, Аружан Абильдаева, Қымбат Қайсарбай сынды жастар өзіндік ізденістерімен ғылымның даңғыл жолына түсіп, жобаларымен жүлдегер атанып жүрген жастар екен.  Ал бойларындағы спортқа деген қызығушылықтарын кәдеге жаратып, мектеп атын шығарып жүрген Алиса Кошелева, Адема Рахимжанның бүгінгі жетістіктерінің өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Талаптары таудай бүлдіршіндердің армандары да асқақ – Қазақ елінің атын әлемге таныту.

Айнұр Тынышбекқызы жетекшілік ететін «Super Danse»  би тобы осы мектептің оқушылары екені өзімізге де жаңалық болды. Өйткені бұл өнер ұжымы республикалық «Мәңгілік ел» байқауының Гран-при иегерлері әрі халықаралық «Про.Танцы.KZ», республикалық «Қолтаңба Стар» байқауларының жеңімпаздары атанып, аудан абыройын асқақтатып жүрген бірден-бір талантты би ұжымы-тұғын. Олар ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» биі жаңашылдығымен, соны қимылдарымен біз көрген билерден ерекшеленіп тұрды. Мектеп Ұланбасысы Әсел Қуатованың жүректен шыққан сөзі жүрекке жеткендей. Ол өз замандастарын өмірден өз орнын табуға жасалып жатқан мүмкіндіктерді қалт жібермей, заманға қарай қадам басу үшін оқу-біліммен қатар ұлт тәрбиесін де ұмытпауға үндеді.

Жаңғыру жолындағы жас маманның бет-бейнесін көрсете білген бір топ жас ұстаздар мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды. Әрқайсысы әр  пән мұғалімі бола тұра тілегі мен мақсаты бір —  оқушыларға өмірлік бағыт сілтеп,  өмірге «кірпіш» болып қалануына үлес қосу.

Кеш соңында Тлғар қалысы әкімінің орынбасары Серік Дүмшебаев, аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а. Ләззат Серікқызы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы сөз алып, мектеп ұжымына  білім жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі.

М.Бөлек