Талғарда көпбалалы отбасы баспаналы болды

Талғарда көпбалалы отбасы баспаналы болды

Бүгін сүйіншілейтін жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Алматы облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер, ауданның «Құрметті  азаматы»  Асқар Сүлейменовтың демеушілігімен  көпбалалы Жанболатовтар отбасы баспаналы болды. Жас отбасына төрт бөлмелі үйдің кілтін облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы өзі тапсырды.

2011 жылы Ұйғыр ауданынан  Талғар ауданына қоныс аударған Қуаныш Жанболатов пен Мақпал Үмбетжанованың бес баласы бар.  Тұңғыштары Нұрасыл сегізге аяқ басса, кішілері әлі бірге де толған жоқ. Осы уақытқа дейін пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жас отбасының жалғыз табыскері – отағасы.  Сол қолының саусақтары дұрыс бүгілмегендіктен әрі сол көзінің ақауына байланысты тұрақты жұмысқа орналаса алмай, тек уақытша,  науқандық жұмыстармен ғана нәпақасын тауып жүрген Қуаныштың  балалары өскен сайын айлығы шайлығына жетпейтін болды.  Ал отанасы болса балалардың қамымен үй шаруасында.  Нарықтың қыспағы жан-жақтан қысқан соң жас отбасы шыдамай,  дүйсенбі күні аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлының қабылдауында болып, мән-жайларын айтқан еді.

Тұрған жерлерін, жағдайын көріп, мәселеге қаныққан жергілікті билік тез арада көмек қолын созуға шешім қабылдап,  Рысқұлов ауылынан кәсіпкер Асқар Фазылұлының  жеке қаржысына  төрт бөлмелі үй алып берді.  Бүгін жаңа қоныстарына кіріп, жұмыртқадай аппақ үй өздерінікі екеніне сенер-сенбестей көңіл-күйдегі отбасының қуанышын облыс басшысының өзінің келуі тіпті еселеп жіберді.  Нұрасыл мен Ерасылды қолынан жетелеп жаңа үйге алып кірген Амандық Ғаббасұлы  пәтер иелеріне береке-бірлік, жақсылық пен шапағат тіледі. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ауыл азаматтары ақ тілектерін арнады.

Жүздері бал-бұл жанып, көздерінен қуаныштың жасы аққан Қуаныш пен Мақпалдың алғыстан басқа айтары жоқ. Елбасынан бастап облыс басшысына, жергілікті әкімдікке, жомарт жүректі кәсіпкерке мың мәрте рахметтерін жаудырды. Нұрасыл, Ерасыл, Арай, Әбдімәлік, Мирас болса ағалар әкелген ойыншықтарды үрке ұстаса да  ата-аналарының  жадыраған жүзін көріп,  бір жақсы жаңалықтың болғанын кішкене жүректерімен сезіп тұр…

 М.Дүйсенғалиева,

Талғар-ақпарат.