Сен неткен бақытты едің, бүгінгі ұрпақ!

Сен неткен бақытты едің, бүгінгі ұрпақ!

2019 жылы – Жастар жылы

Ұлт бағына біткен қазақ зиялылары өздерінің көзі тірісінде дегенін екі ете алмай, арманына  жете алмай,  осы міндетін өзінен кейінгі жастарға артып, солардан үміт  күткені рас еді. Заманның ағымы қалай құбылса да көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды  азаматтар  қоғам сипатын бір өзгертсе жалынды жастар өзгертерін әуел бастан аңғарды, тон пішпей-ақ білді. Иә, олар қателескен жоқ.  Жаңарған заманға түрлене қадам басқан бүгінгі жас буын  Мағжан ақын сенген үмітті ақтап, «сол ұрпақ  бізбіз» деп мақтана айтатындай  деңгейге жетті. Ал Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы»  деп жариялап, оны Астана төрінде салтанатты жағдайда ашуы жастар саясаты бағытындағы озық жобалардың жүзеге асуына берілген  тағы бір мүмкіндік болмақ.

Бүгін ауданымызда да өңір басшысы Рыскелді Сатбаевтың қатысуымен «Жастар жылы» ресми түрде ашылып, осы жылға жоспарланған негізгі бағыттар таныстырылды. Статистикалық мәлімет бойынша ауданымызда 14 пен 29 жас аралығын құрайтын 49396 жас бар.  Осы жастарды қамтитын 8 бағыттағы жұмыс жоспары аясындағы жастар саясатына бағыттанған мемлекеттік маңызды бағдарламалардан бөлек ауыл жастарының ынтасын арттыратын жеке жобалар да іске аспақ. Бұл жөнінде аудан басшысы өз баяндамасында нақтылап айтып, алдағы уақытта аталмыш жобалар бойынша жұмыстардың басталатынын тілге тиек етті.

Мемлекеттік гимнмен ашылып, аудандық кітапхана ұйымдастырған көрмемен танысып шыққан  алқалы топ  денешынықтыру-сауықтыру кешенінің конференция залында басқосу ұйымдастырды. Шара модераторы аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы Елбасының биылғы жылға бағытталған негізгі басымдықтарына тоқталып, осы мақсаттағы аудан бойынша атқарылып жатқан ауқымды істерді атай кетті. Келесіде замандастарына, құрбы-достарына үлгі болып жүрген бір топ белсенді жастар сөз алып, жастарға үлкен мүмкіндік беріп жатқан Елбасы мен жергілікті басшылыққа алғысарын білдіріп, өздері де осы сенім мен үмітті ақтайтындықтарын жеткізді. Шара көркін патриоттық әнмен қыздыра түскен әнші Надхан Манай мен арнау өлеңін оқып, батасын берген  ақсақал Бексұлтан Көлбаев  та жастардан жақсы нәтиже көретіндігін жеткізді.

Кешен ішін аралап, танысып, естелік суретке түсіп тарқасқан көпшілік  жастар ұстанатын құндылықтардың әр алуандығына сеніп тарқастық.

 

М.Дүйсенғалиева,

Талғар-ақпарат.