Талғарда екі жатақхана салынады

Талғарда екі жатақхана салынады

Өңірімізге  іссапармен  келген  Қазақстан Ресупбликасы Парламент Мәжілісінің депутаты  Әбдіманап Бектұрғанов аудан жастарымен кездесіп, Жастар жылының негізгі басымдықтары жайлы баяндап берді. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің кең аудиториясында өткен басқосуға аудан басшысы  Рыскелді  Сатбаев пен  орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, сондай-ақ оқу орнының директоры Жақсылық Сатылғанов, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова қатысты. Іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталған  өңір басшысы биылғы жылда аудан бойынша  жастар үшін жасалатын басты жобаларды атай кетті. Білім мен тәрбиені ұштастыра білетін тағылымдық-танымдық шаралардан бөлек биылғы жылы Талғар политехникалық колледжі мен ТАжМК колледжінің студенттеріне арналған жатақхана салу жоспарда бар екен. Бұл жаңалық  оқу орнының студенттерін ғана емес жастарға жаны ашитын жандардың баршасын қуантты десек артық айтқандығым емес.  Жатақхана қабырғасында өткен студенттік өмірдің естеліктерін енді біздің талғарлық түлектер де жарыса айтатын болады.

Өзге де жыл бойы атқарылатын маңызды шаралар төңірегінде әңгіме қозғаған Рыскелді Ахметқалиұлы сөз кезегін халық қалаулысына берді. Кезінде өзі де  бірнеше жоғары оқу орнын басқарып, студенттердің хал-жайын  тереңірек білетін Ә.Елікбайұлы бірден биылғы жылдың маңыздылығын ашып берді. Елбасы тапсырған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға тоқталды. Солардан ауыл жастары да сырт қалмақ емес.  Ойында жүрген идеялары мен жоспарларының жүзеге асуына биыл мүмкіндік мол екенін жеткізді.  Арасында колледждің студенттерін әңгімеге тартып, сауалдарын қойып, теория мен практиканы ұштастыру білу тетігін білді. Студенттер іс-тәжірибеде көбірек болу керектігін назарға салды. Жастарды жігерлендіру үшін өзінің өткен еңбек жолын баяндап өтті. Сөз аяғында бүгінгі қазақ қоғамы жаңа білімді қордалауға қабілетті мамандарға деген қажеттілігі артқанын, сондықтан заман үрдісіне сай білім алу қажеттігін айтып, қорытындылады.

Аудан жастарының жай-күйін баяндаған З.Нұрланқызы аудан тұрғындарының басым көпшілігі жастар екенін, облыс бойынша  бірнеше мәрте «Үздік орталық» атанып келе жатқанын атап кетті. Талғар еріктілерінің мүшесі, политехникалық колледждің  І курс студенті Рамазан Алсеитов болса волонтерлік жұмыстың қыр-сырын ашып, жастарды белсенді болуға үгіттеді.

Кездесуді  қорытындылаған  аудан басшысы  белсенді жастар қатарын арттырып, қоғамның жан-жақты дамуына өзіндік үлестерін қосуға шақырды.

Меруерт Дүйсенғалиева,

Талғар-ақпарат.