Ұрпаққа үлгі болған ерлік

Ұрпаққа үлгі болған ерлік

Жыл сайын еліміздің жер-жерінде Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдарымен бірлесе кеңестік армияның Ауғанстан жеріне кірген күні мен шыққан күні аталып өтеледі. Биыл да сол игі іс өз жалғасын тапты. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толады. 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО халқы Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан жауынгер­лерді салтанатпен қарсы алған болатын. Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсын­дағы тарихтың ең қайғылы бет­те­рі­нің бірі. Он жылға жуық бөтен ел­дің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шек­теулі контингент әскерлері құра­мында Қазақстаннан 22 269 жауын­гер интерна­цио­нал­дық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Сол сұрапыл соғысқа Талғар жерінен 106 адам қатысып, 11-і қаза болды. Бүгінгі күні Талғар қаласының Қоғаныс істері жөніндегі бөліміннің есебінде Ауған соғысына қатысқан 160 жауынгер-интернационалист бар. Олардың арасында үшеуі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Апта басында Талғар қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәжіліс залында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Аталмыш бөлімшеде 2002 жылғы жасөспірімдерді тіркеу науқаны жүріп жатқан-ды. Игі шара осы жастарды Отаншылдыққа, ұлтжанжылыққа, білімділікке, төзімділікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылыпты. Жиылған жастар алдында алғы сөзді Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Айдар Болатұлы алып, сол бір зұлматты соғыста кеңес әскерлерінің қайталанбас қаһармандық танытып, өзге елде болса да халықтың тыныштығы үшін бірі қаза тауып, енді бірі із-түссіз жоғалып кеткенін айтты. Кеуделері орден, медалдарға толы ағаларымыздың ерлік істерін жастарға үлгі етті. Содан кейін сөзді аудандық «Жауынгер» Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі Серғазы Жұмаділовке берді. Ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниетті жастарды жігерлендіріп, Отанға қызмет ету, әскери борыш туралы сөз қозғады. Одан кейін кезекпе-кезек сөз алған Ауған соғысының ардагерлері Тарғын Демеуов пен Тулеген Абуханов жанкешті соғыста басынан өткерген оқиғаларын тілге тиек етіп, жат елдегі соғыста бастары соғысқан он алты ұлт өкілдерінің арасындағы татулық пен достық туралы жастарға әңгімелеп берді. Әскери борышын өтеу барлық азаматтың Отан алдындағы борышы екенін алға тартты. Жиы барысында №40 орта мектептің оқушысы Бекжан Арыстанбек пен №26 орта мектептің оқушысы Альбина Несіпқызы  рухты өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып берді. сахнаға қойылған экраннан Ауған соғысы туралы, атақты «Қара майор» атанып кеткен Борис Кененбаев пен Генерал-лейтенант Громовтың ерліктері туралы бейнефильмдер көрсетілді. Зал тола жиылған жастар жауынгер ағаларына сұрақтарын қойып, белсенділік танытып отырды. Кездесуді қорытындылаған Айдар Болатұлы жастармен кездесуге келген ардагерлерге «Алғыс хаттарын» табыс етіп, ізгі ниетін білдірді.

Кездесу кешінен кейін 10-11 сынып оқушылары арнайы медициналық тексеруден өтіп, әскери есепке тіркеліп жатты. Биыл елімізде 95 мыңнан астам жасөспірім жергілікті шақыру учаскесіне барып, тіркелуі тиіс.
-Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарының шешімімен азаматтарды медициналық куәландырудан өткізетін комиссия құрылған. Олар шақырылғандардың денсаулық жағдайы мен физикалық дайындығын және білім деңгейін анықтап, әскердің қай бөліміне сай келетінін тағайындайды.  Талғар ауданы бойынша әскери есепке тіркелуі тиіс 1203 жасөспірім бар. бүгінгі күні олардың 450-і тіркеуге алынды. Наурыз айына дейін қалған әскери міндетті азаматтарды тіркеуге аламыз, — дейді Талғар қаласындағы Біріккен Қорғаныс істері бөлімінің жинақтау бөлімшесінің бастығы Мәди Тұрғанбаев.

Жалпы соңғы жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниеттілер саны артып келеді. Жастар елін қорғауға борышты екендіктерін жақсы түсінеді. Жеткіншектерге мектеп жасынан насихат жұмыстары жүргізілуде. Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің Отанымыз біреу, ол – Қазақстан, еліміз біреу, ол – Қазақ елі. Бәріміздің қанымыз бір, болашағымыз бір. Отанды сақтау, Тәуелсіздігімізді көздің ағы мен қарасындай күзету – бәріміздің борышымыз» деген болатын. Осы айтылған сөз әрбір жастың жүрегіне отан­сүйгіштік сезімін ұялатып, азаматтық парызды адал атқаруға үндейді.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».