Ертегі әлеміне енген балдырғандардың ЕРТЕҢГЕ ҮМІТІ ЗОР

Ертегі әлеміне енген балдырғандардың ЕРТЕҢГЕ ҮМІТІ ЗОР

Әкім шыршасы

Аудандағы белді білім ошақтарының бірі  №7  мектеп-лицейінің кең фойесіне кіріп келсеңіз  нағыз ертегі әлеміне тап боласыз.  Жасыл шырша жанына жиналған түрлі ертегі кейіпкеріне енген  балдырғандардың  бал-бұл жанған жүзінен бақытты балалық шақты көресіз.  Жаңа жылдық кештен ерекше бір сый күткендей баласының қуанышына күлім қағып ата-ана мен ұстаздар  жүр.  Сол бір бала күнгі жаңа жылдық ертегіге сеніп өскен біздер де қимас шақ, балғын күндерге қайта саяхат жасағандай күй кештік.  Ертегі әлеміне енгізген  мұндай әсерді  сыйлаған  аудан әкімінің жаңа жылдық шырша мерекесі еді.

Аудан әкімінің жаңа жылдық кешіне 43 білім ошағынан 120 бала қатысты.  Олардың қатарында озат оқушылар, өнерлі өрендер, түрлі деңгейдегі байқау жеңімпаздары мен аз қамтылған отбасы балалары да болды. №7 мектеп-лицейінің өнерлі өрендері Әмір Табынбаев пен Айару Ұлан   аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы бастаған құрметті қонақтарды қарсы алып, шырша мерекесінің төріне ұзатты.  Білім саласындағы өткен жылдың жетістіктерін саралап шыққан жүргізушілерден кейін бір топ жеткіншек  тәуелсіздік, туған жер, Астана туралы  жыр шумақтарын  жатқа айтып берді. Ақ көйлек киіп, шыршаны айнала билеген кішкене бишілердің әр қимылынан ақ пейіл, ақ тілек шашылып жатқандай сезіледі. Құттықтау сөз кезегін алған аудан басшысы болса осындай әдемі кешті сыйлап отырған тәуелсіздігімізге тәу етті.

  • Бүгінде  ауданымыз ажарланып, ондағы халықтың тірлігі түрлене түскен. Ауыз толтырып айтарлықтай  айшық­ты жұмыстар өте көп. Мұның бәрі осындан 27 жыл бұрын келген тәуесіздігіміз бен саралы саясаты бар Елбасының арқасы деп айта аламыз. Сондай-ақ ауданның әр тұрғынының белсенді еңбек етіп, туған жеріне деген сүйіспеншілігінің арқасында жеткен жетістіктер деп  білемін. Осы істердің барлығы болашақ ұрпақ – сіздер үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сондықтан да сендер  жақсы оқып, тәртіпті болып, бәріміздің үмітімізді ақтауға тырысыңыздар, — деген Р.Ахметқалиұлы жат жеткіншектердің ертеңгі күнге деген сенімдерін еселеді.

Бүлдіршіндер де аянып қалмай, кішкене жүректерінің лүпілін сездіріп, ел ағаларына деген тілектерін айтып, жаңа жылмен құттықтады. Ортаға мульткейіпкерлері Маша мен аю тәтті торт алып шықты. Бір жыл бойы балалармен қауышуды аңсап, тақпақтарын сағынған Аяз ата мен Ақшақар да ортаға келіп,  бүлдіршіндердің көмегімен шырша отын жақты.  Әкімнің қолынан ұстап, шырша айнала ән салған бүлдіршіндердің  жүзінен бұл кештің өз деңгейінде өтіп жатқанын байқау қиын емес.

Бірақ, бір сәтте бәрі бүліне жаздады.   Шақыртусыз ортаға шыққан Маймылхан нөкерімен бірге жаңа жылдың келмейтінін, оны алдап алты қыр асырып жібергенін, осы жаңа жыл өзі ғана болатаныны айтып, жар салды. Бір сәт абдырап, көңіл-күйлері түсіп кеткен балалар мен қонақтарға сиқыршы көмекке келіп, басқа ғаламшардың адамдары бұл мәселені шеше алатынын айтады. Ортаға шыққан Майк, Салли, Каспер Маймылханның қитұрқы әрекетін іске асырмай, жолын кесіп, балаларға жаңа жыл кешін әдемі нотада аяқтауға көмек береді.

Бір жыл бойы елге ырыс, несібесін сыйлаған ит жылы қимай қоштасып, 2019  доңыз жылы ортаға келгенде, балалар жаңа жылдан жаңа табыс пен жақсылық ала келуін сұрап, өздері де осы жолда аянбайтындарын жеткізеді. Осылайша есте қалар әсерлі кеш сыйлап, сый-сыяпатқа бөлеп,  қуаныштарына ортақтасқан аудан басшысына алғыс білдірген балдырғандар келер күнге көп үмітпен аяқ басты.

Меруерт Дүйсенғалиева,

Талғар.