Жуырда қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде оқу орнының жүз жылдық мерейтойына орай «Жас маман ізденістері мен жетістіктері» атты жас оқытушылар байқауы өткен болатын. «Ұстаз болу жүректің батырлығы» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы ұстаздық жолды таңдап, жоғарғы және арнаулы оқу орындарын ойдағыдай аяқтап, киелі шаңырақта еңбек жолдарын бастап, үш жылды артқа тастап, бүгінде еселі еңбектерімен талай асуды бағындырып келе жатқан жас мамандардың білімі мен біліктілігін колледж директоры Жақсылық Сатылғанов, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Луиза Құлжабаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Садвакасова, озат тәжірибе мектебінің жетекшісі Айман Турабекова, жас ғылым мектебінің жетекшісі Құралай Әбдіманап, құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі Лязат Алпысбаева, кітапхана меңгерушісі Толқын Нұрмұханбетова бағалап, қазылық етті.
Байқаудың бірінші кезеңінде оқытушылардың ең үздік портфолиосы анықталды. Көркемдігі, мазмұны, ашық сабақтардың безендірілуі нақты портфолио ережесіне сай келген мамандар қазылар алқасының жоғары бағасын алды. «Ізденген жетер мұратқа» деп аталған екінші кезеңінде жігерлі жастар қазылар алқасы мен жиылған қауымды еңбек жолдарында жеткен жетістіктері және нәтижелі жұмыстарымен таныстырды. Байқаудың үшінші кезеңі «Мақтанышым мамандығым» деп аталды. Бұл кезеңде жас мамандар өз мамандықтары бойынша жарнама жасап, өздері таңдаған мамандықтың қыр сыры мен қоғамдағы орны туралы айтып өтті. Байқаудың төртінші кезеңі «Өнерліге өріс кең» деп аталып, өнер сайысына кезек берілді. Оқытушылардың бірі ән салып, бірі би билеп, бірі көркемсөз оқып, сахналық көрініс көрсетіп, қолөнер шеберліктерін де паш етті.
Әділ қазылар алқасының қатал сараптауы мен әділ бағалауынан сүрінбей өткен коллдж оқытушысы Жәнібек Бекбау бас жүлдені иеленіп, абыройы асқақтады. Ал жүлделі бірінші орынды арнайы пән оқытушысы Перизат Омарова, екінші орынды биология пәнінің оқытушысы Айдана Танатар, үшінші орынды арнайы пән оқытушысы Жансая Маркашова иеленді. Барлық жеңімпаздарға арнайы «Дипломдар» мен сыйлықтар табыс етілді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».