«Нұр Отан» партиясына — 20 жыл
«Нұр Отан» партиясы жалпыұлттық сенімге ие болған, парламенттік көпшілік партиясы. Ол мемлекет пен қазақстандықтардың мүддесіне қызмет етіп, халықтар бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Жуырда ел тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесі қарсаңында ауданымыздың бірқатар саласының қызметкерлері «Нұр Отан» партиясының қатарын толықтырып, мүшелік куәліктері салтанатты жағдайда табыс етілді. Партия филиалының мәжіліс залында өткен жиынға аудан белсенділері, қоғамдық ұйым өкілдері мен ақсақалдар алқасы, халық қалаулылары көптеп жиналды. Мерекелік салтанатты жиынға аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова мен аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы қатысып отырды.
Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуде. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Тәуелсіз елдің сенімді тұғыры – халықтың бәсекелік қабілеті мен өршіл рухы, жасампаз жігері мен кемел санасы. Бұл құдіреттің мәні мен болмысын Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан жақсы білесіздер. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі табыстарының кілті ел бірлігінде, ұлттардың татулығында жатыр. Қазақстан үшін тәуелсіздіктің әр күні – парасат пен пайымға толы. Тұңғыш Президентіміз бен «Нұр Отан» партиясының сенімді өкілдері болып келе жатқан ел ағалары мерекеге орай жылы лебіздерін білдіріп, бас партияның еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне қосып келе жатқан зо үлесі туралы сөз қозғады. Партия қатарының жаңа толқынмен толығып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, күшке – күш, ойға – ой, ізденіске – ақыл мен қайрат қосылатынын айтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде атқарылып жатқан игі істерді қолдаушылардың саны артып жатқанына қуанды. Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова өз құттықтауынан кейін партияның игі бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген жомарт жүректі азамат Ернат Тілесбаевты Алматы облыстық «Нұр Отан» партиясының төрасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаевтың «Алғыс хатымен» марапаттаса, Тұңғыш Президент күніне орай өткен «Елбасы-ел тірегі» атты оқушылар арасындағы шығарма жазу байқауында жүлделі ІІ орынды иеленген Аружан Оразғалиға да марапатын табыс етті. Содан кейін ауданның «Құрметті азаматы», партияның Саяси кеңесінің мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Нұрсұлтан Сарсековпен бірге партияның жаңа мүшелеріне партия билетін салтанатты түрде табыс етті. Атап айтқанда, «Фелис» мейрамханасының директоры Айбас Насибов, «Ақ жол» қоғамдық ұйымының төрайымы Рушангуль Тохтахунова, «Талғар Су» мекемесінің инженері Кеңес Сулейменов, Алматы қаласы «Молл Апорт» ЖШС-нің директоры орынбасары Андрей Кравчук, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Серікболсын Сандыбаев, Каспий Университетінің студенті Максим Лайпанов, Политехникалық колледждің ұстаздары Асем Исаева мен Шалкар Дуншебаев, Шынар Серғали, №3 балабақшасының меңгерушісі Жазира Алдатаева, «Премиум» балабақшасының қызметкері Индира Нұрғазы партия қатарына қабылданды. Партия билетін алған азаматтар «Нұр Отан» партиясының қатарына өтудің үлкен мәртебе екенін айтып, Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев есімімен байланысты партияға лайықты болуға бар күштерін салып, партияның бастамаларын толығымен қолдап, жүзеге асыруға атсалысатындықтарын жеткізді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».