Жуырда аудан әкімдігінің кіші жиынжайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі шеңберінде «Қазақстандағы дінаралық татулық — халық бірлігінің негізі» тақырыбындағы діни бірлестіктер жетекшілері клубының кезекті IX отырысы болып өтті. Бұл жолғы өткізіліп отырған алқалы басқосудың ерекшелігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесе ұйымдастырылуында.
Отырыс жұмысына облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы Есдаулетов төрағалық етті. Өткізіліп отырған басқосудың мәні мен маңыздылығына тоқталып өткен төраға, клуб отырысына арнайы шақырылған қонақтармен таныстырды. «Клуб отырыстарының тақырыптары мен өткізілу мақсаты әркезде әр түрлі болатыны белгілі. Ал бүгінгі бас қосуымыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі шеңберінде және заман ағысымен бірге белең алып, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерде тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі «сыбайлас жемқорлық» тақырыбы аясында сөз қозғап, ой бөлісуге шақырамын. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отырғаны анық. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуы тиіс. Себебі, халық «парақорлық» дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Бұл тұрғыдан діни қызметкер есебінде сіздердің де қосар үлестеріңіз ауқымды»,- деп бастады өз сөзін Рахмет Разбекұлы. Осыдан соң алғашқы сөз кезегін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Ринат Рысбековке берді. Жасыратыны жоқ, қоғамды жегі құрттай жеп, даму жолына кедергі болған сыбайлас жемқорлықпен күрес — елдің, қоғамның, мүдделі мекемелердің басты міндеттерінің бірі екені белгілі.Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарларын нақты бағалап, осы қауіпті құбылыспен қатаң және шешуші түрде ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы күрес жүргізуді басты мақсат етіп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оның алдын алу бүгінгі күні еліміздегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылатынын алға тартқан ол, қоғамды іштен ірітіп, тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп отырған жемқорлық кеселімен күресте дін өкілдерінің де ықпалы тиімді болатынын айтты. Осыдан кейін жиналғандар назарына сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен аса көлемді пара алу кезінде, сондай-ақ жымысқы әрекеттерімен бюджет қоржыныныа қол салған жоғары лауазымды шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер жайында бейнеролик көрсетілді. ҚР БҒМ «Философия, саясаттану және дінтану институты» РМҚК-ның аға қызметкері, саясаттану ғылымдарының РНД докторы Дамира Сиқымбаева «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: теориясы мен тарихы» тақырыбында ой қозғады. Одан кейін кезекпе кезек мінберге шыққан дін өкілдері: ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша өкілі, аймақтық «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Қуаныш Наржанов, Астана және Алматы эпархиясы «Киелі Николай Храмының Приходы» ЖПДБ жетекшісі және Түрген шіркеулік округінің өкілі Игорь Сидоренко, Талғар қалалық «Киелі Богородицы Успениясының Рим-Католик приходы» ЖДБ жетекшісі Хосе Мария Эспосито, «Христиан-інжілдік «Өмір бұлағы» елуіншілер шіркеуінің» Алматы облысы бойынша жетекшісі Виталий Пак, «Кришнаны түсіну қоғамы» ЖДБ жетекшісі Виктор Голоус Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінен алған әсерлері мен онда көтерілген әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер жайында өз ой-пікірлерін ортаға салып, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде мешіт, шіркеу және басқа да рухани ордаларға жиналатын көпшілікке түсіндіру, нәсихаттау жұмыстарының адам санасына, оның рухани дүниесіне тигізер ықпалының жоғары болатындығын алға тартты. Көп болып осынау қоғам үшін аса қауіпті қылмыс түрімен күресудің маңыздылығын бірауыздан қолдады. Қай дінде болса да жемқорлық – екі дүниеде де опа әкелмейтін,үлкен күнә. Жиында қорытындылаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы Есдаулетов клуб жұмысына қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салған дін өкілдеріне, білікті мамандарға ризашылығын білдіріп, азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктіруге, сол арқылы «сыбайлас жемқорлық» деп аталатын қоғамдық дерттің жолын кесіп, төзімсіздік танытуға шақырды.
Райхан АЗИМОВА,
Талғар-ақпарат.