Бәрімізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев соңғы Жолдауында келесі жылды Жастар жылы деп жариялады. Және де жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды және жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру керектігін ерекше атап өтті.
Осы орайда біз өз ауданымыздың жастарымен мақтана аламыз. Ауданда қазіргі таңдағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 49 мың 396 адамды құрайды. Оның ішінде: қыздар – 25 мың 680, ұлдар – 23 мың 716. Ауыл жастары 37 мың 548, қала жастары — 1184, және оның ішінде 4914 студенттер.
Талғар аудандық жастар ресурстық орталығы 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықтың жетекшісі – Қалымбетова Замира Нұрланқызы.
Жыл басынан бері Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 122 іс-шара өткізілді. Бұл шараларға жалпы – 12 мыңға жуық жастар қамтылды.
Жастардың шығармашылық талантын дамыту мақсатында «KZ SOUND» атты аудандық әндер байқауы, «Талғар туған өлкем» атты аудандық Жайдарман жарысы, «Жастар – ел болашағы» атты аудандық пікір-сайыс ұйымдастырылды.
Аса бір үлкен шара ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында мамыр айында өткізілген «Туған жерге туыңды тік» атты жастар форумын атап өтуге болады.
Сонымен бірге, жақында ғана жастарды қолдау мақсатында Талғар ауданы әкімінің «Көшбасшы-2018» жастар сыйлығы жас буын ішіндегі үздіктерге табыс етілді.
Жастарымыз облыс көлемінде де алдыңғы орындардан көрінуде. Алматы облысының жастар ресурстық орталығы тарапынан жүргізілетін рейтинг бойынша аудандық жастар ресурстық орталығы 2017 жылы «Үздік орталық» болып аталған болатын. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшыларының жұмысы бойынша Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы екі жыл қатарынан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшыларының жұмысы бойынша ҮЗДІК атанып келеді.
Ел ертеңі – осы жастардың қолында. Сондықтанда жастарымыздың бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі жоғары болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасауымыз керек.
Талғар-ақпарат