Қуаныш сыйлаған күз мерекесі

Қуаныш сыйлаған күз мерекесі

Табиғат — күллі тіршілік атаулының қуатты қонысы, алтын ұя бесігі, құт берекесі. Адам өміріндегі табиғаттың төрт мезгілінің алатын орны ерекше. Күз — адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтанда да, адамдар күзді берекелі күз, алтын күз деп баға береді. Алтын дейтін себебі, біріншіден, айналаның бәрі сап-сары түске боялады, екіншіден, алтын байлықтың белгісі. Күзде егінді жинап алатын ата-бабаларымыз «Сабан той» өткізіп, күз берекесін тойлап отырса, әрбір мектептер мен балабақшаларда осы күз мерекесін тойлау, кештер өткізу дәстүрге айналған.

Өткен аптада қаламыздағы «Тау самалы» кафесінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға «Алтын күз» мерекесі ұйымдастырылды. Бұл игі шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қам көңіл балаларға күз мезгілінің ерекшеліктерін ұғындырып, күз өнімдерімен таныстыру, олардың ағзаға пайдасын түсіндіру болатын. Алтын күз мерекесіне қырықтан аса бала жиналып, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Бақыт Күрішбеков қатысып отырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін мерекелік шара «Алтын күз» әнімен ашылды. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Бақыт Күрішбеков балаларға мемлекет тарапынан және қаламыздағы атқамінер азаматтардың қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етіп, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Содан кейін мерекелік концертке кезек берілді. Меруерт Серік «Ақ көгершін» әнін орындаса, Ахмад Уалихан, Әлібек Тоғабай, Нұралина Тасекен, Айша Бөлекбаевалар күз туралы тақпақтарын мәнерлеп оқып берді. «Ару» би тобының өнерлі қыздары мыңбұралған билерімен балалардың көңілін көтерсе, қаламыздағы «Хорошие настроение» орталығының аниматорлары балалармен қызықты ойындар ойнады. Аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері балалармен түрлі ойындар ойнап, би билеп, жұмбақтардың шешуін тапты. Аталмыш бөлімнің уйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Аманова қорытынды сөз сөйлеп, жиылған қауымды күз мерекесімен құттықтап, жыл сайын балаларға мол дастархан жайып, ақ жүрек, кең пейілімен қарсы алатын «Тау самалы» кафесінің иесі Нұргүл Нұрсұлтанқызына алғыстарын білдіріп, сый-сияпатын жасады. Балалардың көңілін көтеріп, қызықты кеш сыйлаған «Ару» би тобының жетекшісі Гүлжан Нұрбековаға да ризашылықтарын жеткізді. Мерекелік кештің соңы дастархан басында жалғасып, балалар мен ата-аналары «Тау самалы» кафесі ұсынған тәтті тағамдардан дәм татып, тарасты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».