Бүгінде діни насихат адамды имандылыққа баулып, теріс ағымдардың ықпалынан сақтандырудың бірден-бір тәрбие құралына айналып отыр. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының орны айрықша. Баспасөз құралдары арқылы қоғамдық пікір, белгілі бір көзқарас қалыптасатыны белгілі.
Алматы облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын дін саласына қатысты тақырыптар аясында қалам тербеп жүрген облыс аумағындағы БАҚ журналистері мен қоғамдық тілшілер арасында байқау өткізу игі дәстүрге айналған-ды. Ондағы мақсат- еліміздің зайырлы қағидаттары мен бірлігін нығайтуда, мемлекеттік – конфессияаралық келісімді сақтауға шақырған барлық мұраттарына қолдау танытып, дәстүрлі діндердің асыл құндылықтарын өркениетті жолдармен нәсихаттау болып табылады. Биыл да бәйге жарияланған болатын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дін тағдыры-ел тағдыры» атты тақырып таңдаоып, жыл бойы газет, журнал беттерінде жарық көрген ең үздік деген мақалалар арнайы құрылған әділқазы алқасының жан-жақты зерделеуі мен талдауынан өтіп, жүзден жүйріктер анықталды.
Күні кеше, 31 қазан күні Талдықорған қаласындағы облыстық дін істері басқармасының мәжіліс залында өткен алқалы жиында байқау қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Байқау талаптарына сай асыл дініміздің құндылықтарын нәсихаттай отырып, жас ұрпақ санасына ұлттық-діни құндылықтарымызды сіңіріп , елді береке-бірлікке үндейтін тұщымды мақаласымен топ жарған жерлесіміз, ақын, «Талғар» газетінің тұрақты оқырманы әрі қоғамдық тілшісі Кәмнұр Тәлімұлы жүлделі бірінші орынды иеленіп, абырой биігіне көтерілді. Басқарма басшысы Рақмет Есдәулетовтың қолынан 1-дәрежелі диплом және 100 мың теңге көлемінде сыйақы сертификатын алған Кәмнұр Тәлімұлына жүлдеңіз құтты болсын, ел игілігі жолындағы еңбегіңі жана берсін деген игі тілегімізді білдіреміз!
«Талғар-ақпарат»