Қарттарға қайырым, мүгедектерге мейірім көрсетті

Қарттарға қайырым, мүгедектерге мейірім көрсетті

Біріккен Ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 14 желтоқсан 1990 жылғы шешімімен 1-қазан бүкіл дүниежүзілік “Қарттар күні”, 10-қазан “Мүгедектер күні” деп белгіленген болатын. Содан бергі уақытта осы атаулы күндер барлық жерде ұйымдасқан түрде аталып өтуде. Ауданымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, барлық әкімдік, мекеме, бөлімдер мерекелік шараны ойдағыдай атап өтіп, қартарға қайырым, мүгедектерге мейірім көрсетуде. “Сыйласаңдар кәріңді, жарылқар Алла бәріңді” дегендей үлкенді сыйлау, мүгедектерге көмек көрсету — біздің халқымыздың қанына сіңген асыл  қасиет. Сондықтан да әрбір қарияның, мүгедек жандардың назардан тыс қалмауын назарға алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Самға-Н» қоғамдық ұйымы қос мерекеге игілікті шара ұйымдастырды.

Қаламыздағы жаңа ашылған «Жаңа» дәмханасына сексеннен аса қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, кең дастархан жайды. Игілікті шараға Талғар қаласы әкімінің орынбасары Бақыт Күрішбеков арнайы келіп, жиылған қауымды мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Өз кезегінде сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жалғызбасты қарттар және мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Зульфаной Базарбаева да ақжарма тілегін жеткізді. Бүгінде аталмыш бөлім 80 қартқа әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Мерекелік шараға солардың 32-сі қатысып отырды. Қалған қарттар денсаулықтары көтермегендіктен қатыса алмаған. Оларға бөлім тарапынан мерекелік сый-сияпаттары үйлеріне апарып тапсырылған. Бұл ретте, қарттарға қамқорлық көрсеткен жомарт жүректі демеушілердің қолдауы болғанын айта кетті бөлім меңгерушісі. Жиылған қауымды құттықтау кезегін алған алғашқы ұйым жетекшілерінің бірі Сәкен Шердалиұлы да дария көңіл қарттарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандарға мерекелік шара ұйымдастырып, қуанышқа бөлеп отырған «Самға-Н» қоғамдық ұйымының төрайымы Назгүл Рысбаева мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына ризашылығын білдірді. Иә, барлық мерекелерде қам көңіл жандар мен үлкендерге деген құрметін асырып, игілікті шараларға мұрындық болып жүретін «Самға-Н» қоғамдық ұйымының төрайымы Назгүл Рысбаеваның еңбегі мақтауға тұрарлық. Қашанда қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып жүреді. Бүгінгі күні де 32 қарт пен 48 мүмкіндігі шектеулі жандарға кең дастархан жайды. Мерекелік шараны ойдағыдай өткізу үшін демеушілердің көмегіне жүгінді. Жаны ізгі, жүрегі жомарт жандардың ортамыздан табылып, қолдау көрсетіп отырғаны қуантты бізді де. Қарттар мен қам көңіл жандардың көңілдерін көтеруге келген өнер майталманы Ерлан Стамғазиев, Болат Ерғалиев, жас әнші Эльмира Манатқызы, биші Ұлжан Дүнгенбаевалар әсем әндері тамылжыта шырқап, ырғақты билерін мыңбұрала билеп отырыстың әрлендіріп жіберді. Дастархан емен-жарқын әңгіме өрбітіп, әсем әннің ырғағымен ортаға шығып би билеген мереке қонақтары мәре-сәре болып тарасты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».