Білікті әдіскер, тәжірибелі ұстаз

Білікті әдіскер, тәжірибелі ұстаз

Болашақтың нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш — білім. Білім беру жүйесін дамыту – бұл ең ұтылмайтын және инвестиция түрінде қайтарым беретін үдеріс. Бәсекеге қабілетті адам капиталы – елдің болашағы. Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең жауапты, маңызды іс болып қала береді. Білімнің кілті — білімді ұстаздың қолында. Себебі, бұл мамандық тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденісті қажет етеді. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты ұрпақты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Осындай маман иелерінің кәсіби шеберлігін арттыруда олардың маңдай тері еңбектерінің жемісін көруге көмегін тигізетін әдіскер қауымының атқарар еңбегі қашанда ауқымды, маңызды, қажетті және жауапты. Мұғалімдерге көмек беретін  әдіскерлер білім саласындағы барлық жаңалықтан бірінші болып хабардар болады. Заман талабына сай енгізіліп жатқан өзгерістерді алдымен өз тәжірибесінен өткізіп барып, мұғалімдерге ұсынады. Білім сапасын жақсартуда мұғалімдерде жаңашылдық енгізілмесе, тағы да болмайды. Өйткені, білімді ұрпақ тәрбиелеу — күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Осы тұста әдіскерлердің атқарып отырған жұмыстары өлшеусіз.

Үрбибі Жусанбаеваның аудандық білім бөлімінің әдіскері болып қызмет еткеніне он жылдан асты. Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін ауданымыздың білім саласын дамытуға арнаған ұлағатты жанды аудан жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтпаймыз. Еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болып бастаған Үрбибі Әбдукаримқызы Рысқұлов ауылындағы №16 орта  мектепте ұзақ жылдар еңбек етіп, өскелең ұрпаққа химия, биология пәндерінен сабақ берген. Білікті маманның тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып көптеген жетістіктерге жеткен. Ұрпақ тәрбиесіндегі тынымсыз еңбегі оның абыройын арттырып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметіне көтерді. Әдіскер дегеніміз–үнемі ізденіс пен еңбектің нәтижесінде тәжірибе жинақтайтын, бүгінгі қоғам дамуының үдерісінен шыға білетін, өз мамандығының шынайы фанаты. Олардың міндеті білім мекемелерінің оқу жұмысының жағдайын талдау және олардың тиімділігін арттыру үшін ұсыныстар дайындау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының ұйымдастырылуын бағдарлау, жоспарлау, әдістемелік, ақпараттық материалдарды дайындау. Міне, осы міндеттерді мінсіз атқарып жүрген Үрбибі Әбдікәрімқызы биылғы оқу жылының алдында облыстық Тамыз конференциясында облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан «Құрмет грамотасын» алып, мерейі үстем болған еді. Кеудесінде Ы.Алтынсарин атындағы медаль мен «Өрлеу» Білім-ғылым технологиялық порталынан білім беру ісіндегі айырықша еңбегі үшін алған «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісі жарқырап тұрған  Үрбибі Жусанбаеваның ауданымыздың білім саласын алдыңғы қатардан көрсетіп, дамытуға әлі де зор үлес қосары сөзсіз.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».