Азаматтық парыз

Азаматтық парыз

Қазақ халқы қашанда ер баланы отбасының тірегі, елдің қорғаны болуға тәрбиелеген. Ал әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келгендер ауыл-аймақ арасында абыройлы саналатын. Көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін әрбір азамат әскер қатарында болып, ел тыныштығын күзетуге өз үлесін қосады. Ата-баба аманаты болып қалған ұлан-байтақ қазақ даласын аман сақтап, бейбіт күнде баянды тіршілік ету тәртіп пен тәрбиеге байланысты. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы бекер айтпаған. Сондықтан­ Отан алдындағы борышты әскери билет үшін емес, әр азамат өз парызым деп түсін­гені абзал.

Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп айқын жазылған. Демек, елі­міздің азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскер қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көз­дейді. Ол – Республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақ­ты­лыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету.

Міне, осындай Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, әскер қатарында болған жігері жастардың бірі – Нұрбеков Дәулет Ермекұлы. Дәулет Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылындағы 2086 әскери бөлімшесінде азаматтық борышын өтеп келді.

— Иә, азаматтық борышты өтеу – басты парыз. Әскер қатарында болатын бір жыл – бұл азаматтарды көп нәрсеге үйрететіні анық. Мен де әскерде жүріп көп нәрсені көңілге түйіп қайттым. Ер азаматқа тән шымырлық, төзімділік, темірдей тәртіпке үйрендім. Әскери қызметтің қыр-сырына қанықтым. Әскери қызметкер болу – өте жауапкершілігі жоғары міндет. Шекара күзетінде болған соң, бізге босаңсуға болмайтын еді. Еліміздің шекарасынан жат пиғылды жандардың өтіп кетпеуін қадағалап, қырағылықпен күзетте тұрдық. Қазақстандықтардың тыныштығын күзетіп, еліме қызмет ету мен үшін абырой болды,- дейді жас сарбаз Дәулет. Шекара күзетіндегі абыройлы қызметі үшін ол «ІІ Дәрежелі Үздік шекарашы» төсбелісімен марапатталған.

Ауданымызға қарасты Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясында білім алған Дәулет тоғызыншы сыныптан кейін Алматы қаласындағы Республикалық медициналық колледжге оқуға түске болатын. Оқуын жақсы аяқтап, тіс дәрігері мамандығын игерген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап №34 орта мектепте еркін күреске қатысып, шынығып, шыңдалған. Түрлі спорт сайыстарында ауданымыздың намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүрген. Спорт шеберіне үміткер. Сондықтан болар шымыр жігіт әскерге шақырылғанда түрлі тексерулерден сүрінбей өтіп, бірден әскерге шақырылған. Ата-анасы үш қызының арасындағы жалғыз ұлдарын еш күмәнсіз әскер қатарына жіберген. Өйткені, ұлдарының азаматтық борышын абыроймен өтейтініне сенімді болған. Бүгінде Дәулет ата-анасының сенімін ақтай алды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».