Облысқа жолдама алды

Облысқа жолдама алды

«Нұр Отан» партиясы – қоғамды ұйыстыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін саяси күш екені баршаға мәлім. Партияның  жарғылық мақсаттары мен міндеттерін, бағдарламалық құжаттарын халық арасында түсіндіру және іске асыру бастауыш партия ұйымдары арқылы жүзеге асырылуда. «Нұр Отан» партиясының қолға алған іргелі жобалары мен бағдарламаларын партиялық-ұйымдастырушылық және ақпараттық бағытта насихаттау, бас партияның идеологиялық қызметін жетілдіру бастауыш партия ұйымдарының басты бағыттарының бірінен саналады. Бастауыш партия ұйымдарының рөлін және белсенділігін көтеру, олардың қоғамдық-саяси ықпалын күшейтуді көздеген партия бастауыш партия ұйымдары арасында  «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауын өткізіп келеді.

Өткен аптада аудандық «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында жылдағы дәстүрге сай «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы өтті. Байқауға ауданымыздағы 14 бастауыш партия ұйымы қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Саяси ұйым өкілдері партия мүшелерінің саны 100-ге дейін, партия мүшелерінің саны 100-ден 500-ге дейін және мүшелерінің саны 500-ден астам сынды категориялар бойынша өзара бәсекеге түсті. Ережеге сай  жұмыстар 7 критерий бойынша бағаланды. Олар партиялық жобаларды жүзеге асыру, ішкі партиялық жұмыстарды жүргізу, жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету, ұйым жетекшісінің белсенділігін анықтау және жастармен жұмыс нәтижелерін сараптау бағыттары бойынша бақ сынасты. Үздік бастауыш партия ұйымын анықтап, олардың жұмыс  тәжірибесін елдің барлық аймақтарында тарату, партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді бастауыш партия ұйымдары төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру және партия жұмысына қоғамдастықтың назарын аудару мақсатында ұйымдастырылған байқаудың комиссия құрамында  ауданымыздың Құрметті азаматы,  партия ардагері Найля Үмбетова, аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Әбдіғани Бәзілхан, аудандық «Нұр Отан» партиясының сектор меңгерушісі Гауһар Абылдаевалар болды.  Аталмыш байқауды партия ардагері Найля Үмбетова ашып, жүргізіп отырды. Байқау ережесіне сәйкес, аудандық партия филиалында арнайы комиссия құрылып, барлық бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына байқау ережесі мен талаптары толықтай түсіндірілгендіктен бастауыш партия ұйымдары үлкен дайындықпен келіп, жұмыстарын замануи үлгіде, электронды форматта ұсынып жатты. Ережеге сай қатысушылар жыл бойы атқарған жұмыстарын слайдтар арқылы таныстырып, фотоальбом мен стенд сынды көрнекі құралдарды да комиссия алдына ұсынды. Комиссия партиялық жобалардың жүзеге асуы, ауылдардағы жастармен жұмыс, ІТ сыныптарын ашу, үш тілде білім беретін мамандар даярлау мәселелеріне қатысты сұрақтар қойып, ұйым төрағаларының жұмыстарын бағалады. Көрнекі құралдарының мазмұнына жете мән беріп, бастауыш партия ұйымдарының аудандық партия филиалымен байланысын да назарға алды. Барлық бастауыш партия ұйымдарының жұмысымен танысып болған соң, қорытынды бөлімге кезек келді. Биылғы жылы барлық БПҰ-ның жұмысы жинақы, қоғаммен байланысы артқан. Партиялық жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстары да көңіл қуантты. Арнайы комиссияның сараптауынан сүрінбей өтіп, партия жұмыстарын атқаруда белсенділік танытып, жаңа бастамаларымен ерекшеленген «НҰРА» бастауыш партия ұйымы үздік деп танылып, ұйымның төраға орынбасары Семейхан Дәріпхан І орынға ие болды. Ал, ІІ орын  «БІЛІМ»  БПҰ-на бұйырып, ұйым төрағасының орынбасары Ү.Жусанбаева марапатталса,  ІІІ орынды «АЛАТАУ» БПҰ иеленіп, ұйымның төрағасы Қ.Смағұлов та үздіктер қатарынан көрінді. Барлық жеңімпаздарға партия тарапынан «Дипломдар» мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сондай-ақ, байқауға қатысып белсенділік танытып, партия жұмысының жандануына үлес қосып жүрген өзге де бастауыш партия ұйымдарының төрағалары аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетованың «Алғыс хатымен»  марапатталды. Бұл күнгі байқауда «Үздік бастауыш партия ұйымы» атанған «Нұра» БПҰ облыстық байқауға жолдама алып, үлкен сында аудан намысын қорғайтын болады. Нұралықтарға тек сәттілік тілейік!

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».