Көшбасшы жастар марапатталды

Көшбасшы жастар марапатталды

Күні кеше ауданымызда аудан әкімінің «Көшбасшы-2018» сыйлығын табыстау салтанаты өткен еді. Жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалатын сыйлық биыл да 17 номинация бойынша табысталды. Бұл игілікті шараның басты мақсаты — Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2018» облыстық жастар сыйлығына лайықты 14 пен 29 жас аралығындағы Талғар ауданының белсенді, білімді, креативті Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянып қалмайтын нағыз көшбасшы жас үміткерлерді анықтау болатын. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы, «VECTOR» Жастар одағы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған игі шара қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің Мәдениет үйінде өтті.

Аталмыш байқау ауданымыздағы мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттап,  жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсеткен, ел ертеңі деп сенім артқан жастарды анықтады. Қажетті құжаттарын тапсырып, байқауға қатысуға өтініш білдірген жастардың қатары биыл жылдағыдан артқан. Сондықтан да құрамында аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы, ардагер спортшы Матан Бекбосынов, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, «Ауыл әйелдері» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мәрия Сихимбаева, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, «VECTOR» Жастар одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким мен бұқаралық ақпарат құралары өкілдері бар комиссия тобына үздіктерді анықтау қиынға соқты. Дегенмен, қатарының алды болып, жүзден жүйрік шыққандар «көшбасшы» атағына лайық деп танылған болатын.

«Көшбасшы-2018» жастар сыйлығын салтанатты тапсыру рәсіміне аудан әкімі Р.Сатбаев, Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Жастар мен ҮЕҰ мен жұмыс істеу бөлімінің» басшысы Д.Нұртаев, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова, аудан әкімінің орынбасары Д.Қыдырбек-ұлы бастап аудан жастары қатысты. Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөз алған аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлы  елімізде жастар саясатына маңызды бағыт ретінде ерекше көңіл бөлініп, жастардың тегін білім алып, жан-жақты дамуына, шығармашылықпен, спортпен, кәсіпкерлікпен айналысып, халықтың игілігіне еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалып жатқанын тілге тиек етті. Аудан жастарының жеткен жетістіктерін айта келіп, бүгінде ауданымыздың Жастар ресурстық орталығының жұмысы облыс бойынша алдыңғы орында екенін мақтан етті. Зал тола жиылған жастарды жұдырықтай жұмылып, Елбасының сарабдал саясатын тиянақты жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды. Содан кейін аудандық «Көшбасшы-2018» жастар сыйлығының иегерлері атанған жігерлі жастарға  атаулы диплом мен мүсіншелерді, сый-сияпаттарын салтанатты түрде табыс етті. Атап айтқанда, «ҮЗДІК ЖАС СПОРТШЫ» номинациясының жеңімпазы Алихан Кокенов, «ҮЗДІК ЖАС ДӘРІГЕР» номинациясының жеңімпазы Елена Солопова, «ЖАС ҰЛАН» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ҮЗДІК КӨШБАСШЫСЫ» номинациясының жеңімпаздары Диас Серік пен Алия Алиева, «ҮЗДІК ЖАС ЖУРНАЛИСТ» номинациясының жеңімпазы Арман Октябров, «ҮЗДІК ЖАС ҰСТАЗ» номинациясының жеңімпазы Әйгерім Досбосынова, «ҮЗДІК ЖАСЫЛ ЕЛ САРБАЗЫ» номинациясының жеңімпазы Алихан Аменов, «ҮЗДІК ЖАС САЯСАТКЕР» номинациясының жеңімпазы Жомарт Кенесов, «ҮЗДІК ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР» номинациясының жеңімпазы Бақыт Күрішбеков, «ҮЗДІК ЖАС ӨНЕРПАЗ» номинациясының жеңімпазы Айнұр Жұмақадыр, «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМ» номинациясының жеңімпазы Айдос Аукен, «ҮЗДІК СТУДЕНТ»номинациясының жеңімпазы Ұлжан Дүнгенбаева, «ҮЗДІК ЖАС ОТБАСЫ» номинациясының иегері Кожекеевтер отбасы, «ҮЗДІК ЖАС ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ» номинациясының жеңімпазы Саги Нурмаханов, «ҮЗДІК ЕРІКТІ» номинациясының жеңімпазы Батыр Аскаров, «ҮЗДІК ЖАС КӘСІПКЕР» номинациясының жеңімпазы Абдил Нурболдар үздіктер қатарынан табылып,  мәртебелері асқақтады. Салтанатты шара барасында ауданымыздың «Үздік жас журналисі» А.Октябров пен «Үздік жас дәрігер» Е.Солопова сөз алып, жастарды жігерлендіретін осындай игілікті бастамаларды жүзеге асырып, болашақ тізгінін ұстаған жас мамандарға қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан басшыларына, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Бүгінде жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып, еңбек етуіне зор мүмкіндік беріп отырған Елбасының саралы саясатына қашанда қолдау көрсетіп, ел мүддесі үшін еңбек етуге дайын екендіктерін айтты.  Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл күнгі салтанатты шарада қатарының алды атанған жастар арасында көптің алғысын алып, өз саласы бойынша жетістікке жетіп, облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейге танымал болып үлгергендер де бар. 2018 жылдың үздігі атанған 17 жас маман көпке үлгі болып қана қоймай, жетістіктен жетістікке жету арқылы елге еңбек сіңіріп, алдағы уақта үлкен істердің жанынан табылатынына біз де сенімдіміз.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».