«Қазпоштаға» — 25 жыл
Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өзінің маңыздылығын жоймай келе жатқан «Қазпошта» АҚ-ның еліміздің ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орны ерекше. «Қазпошта» акционерлік қоғамы – бұл еліміздегі ұлттық пошта желісінің жалғыз операторы. Сондай-ақ халықаралық пошталық хат-хабарлар мен пошта жөнелтімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания. Биыл «Қазпоштаға» 25 жыл толды. Осы ширек ғасыр ішінде пошта қызметінің аясы кеңейіп, тек хаттар мен сәлемдемелер жіберумен ғана шектелмей коммуналдық төлемдерді қабылдап, несие рәсімдеу процестері мен қатар көптеген жаңа заманға сай қолжетімді қызмет түрлерін ұсынып, жанданып келеді. Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңашылдықтар бұл саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып отыр. Бүгінде компания ел аумағын тұтастай ғаламтормен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алып қызмет аясын кеңейтуде.
Жуырда «Қазпошта» акционерлік қоғамының 25 жылдық мерейтойына орай зейнетақы мен жәрдемақы алушылар арасында «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» атты акция ұйымдастырған болатын. Бұл акция біздің ауданымызда да өз жалғасын тауып, аудандық пошта торабында мерекелік шара өткізілді. Игілікті шараның басты мақсаты – аудан жұртшылығы пошта қызметін насихаттап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету болатын. Аудандық пошта мекемесі мерекеге сай безендіріліп, әуезді ән ойнап тұрды. Ұтыс ойындары өтетіндігінен құлақдар болған жұртшылық межеленген уақытта аталмыш мекеме алдына жинала бастаған еді. Ұлттық нақышта киінген сұлу қыздар көпшілікті ілтипатпен қарсы алып, зал ішіне жайғастырып болған соң, мерекелік шара басталып кетті. Ұтыс ойындарын бастамас бұрын ойынның әділдігін анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына «Қазпошта» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының кәсіподақ комитетінің төрағасы Алима Қыдырова, облыстық филиалдың бөлім басшысы Рамиль Гизатов, қаржы бөлімінің жетекшісі Айна Смағұловалар мен қала әкімі Жандос Әуелбаев пен ауданымыздың Құрметті азаматы Мұса Жанәділовтер тағайындалды. Содан кейін бірінші кезекте сөз алған«Қазпошта» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының кәсіподақ комитетінің төрағасы Алима Қыдырова облыстық пошта торабының атқарып жатқан ауқымды істерін тілге тиек етіп, пошта қызметінің үнемі алда болуына талғарлықтардың да қосып отырған үлесі барын айтып өтті. Осы орайда, аудандық пошта торабының бастығы Ерболат Сарқұловтың да еселі еңбегін ерекше атап, кеудесіне жарқырата медаль қадаса, бірқатар белсенді қызметкерлерге «Алғыс хаттар» мен сыйлықтарын табыс етті. Кезекпе-кезек сөз алған жиын қонақтары да ұйымдастырылып жатқан акцияның маңыздылығына тоқталып, ұтыс ойынына қатысушыларға сәттіліктер тіледі.
Көптен күткен қызықты сәтке де уақыт келіп жетті. Алдымен пошта қызметін пайдаланатын аудан тұрғындарына ойынның шарттары таныстырылып, ақшалай ұтыс ойынының «Сенім» қызметі бойынша зейнетақы және жәрдемақы алуға арналған ағымдағы немесе карточкалық шотты ашқан тұтынушылар арасында өткізілетіні түсіндірілді. Ойынға «Қазпоштаның» барлық тұтынушылары қатысуға мүмкіндік алып, онда орталық аппараттан жіберілген зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың тізіміне сәйкес, «Random» бағдарламасы арқылы жеңімпаздар кездейсоқ әдіспен таңдалды. Ұтысқа қол жеткізген төрт жеңімпаз 50 мың мен бір жеңімпаз 100 мың және тағы да бір жеңімпаз 200 мың теңгеге дейінгі көлемдегі сертификатқа ие болды. Ұтыс ойыны облысымыздағы 111 мыңнан аса зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар арасында ойнатылып, барлық ұтыс көрші аудандар тұрғындарына бұйырып кетті. Ұтыс ойынының екінші бөлімінде залға жиналған көпшілік арасында қосымша 50 мың теңгенің сертификаты мен көптеген жұбаныш сыйлықтары ойнатылды. Ұтыс ойынына қатысып, жүлделі болған барлық тұрғындар мәре-сәре болысты. Бұл күнгі игі шараны қаламыздағы Талғар медицина колледжінің ұжымы мен өнерлі жастары әсем ән, толқынды билерімен әрлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».