Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында еліміздің барлық мекемелерінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы мен тапсырмасы бойынша «Балаларды мектепке дайындайық» республикалық акциясы өткізіліп келеді. «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» атты «Нұр Отан» партиясының арнайы жобасы аясында қолға алынған акцияның мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы отбасыларға, материалдық жағдайы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік қолдау көрсету.
Аталмыш акция ауданымызда да тамыздың бірінен бастау алған болатын. Бүгінгі күнге дейін партия мүшелері көптеген отбасына көмек қолын созып, қайырымдылық көрсетіп келеді. Осы игі шара әлі де жалғасын тауып, партия белсенділерінің ізгі амалдарымен толығуда. Өткен апатада аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Сұлтан Нұрдәулетов те акцияға өз үлесін қосып, Панфилов ауылдық округіндегі көмекке мұқтаж отбасыларының балаларына жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарын табыс еткен болатын.
Аудандық мәслихат депутаты, Талғар медициналық колледжінің директоры Бағжан Құдабаев акциясы аясында қайырымдылық көрсетіп, мұқтаж жандарға көмектесуді азаматтық парызы санады. Ол Талғар қаласында тұратын жалғызбасты анаға көмек қолын созып балаларына жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарын алып берді. Балаларға қамқорлық жасаудан аудандық мәслихат депутаты Алтай Кенжебаевта шет қалмады. Қам көңіл балаларға оқу жылын көтеріңкі көңілде бастау үшін қажетті киім-кешегі мен оқу құралдарын алып беріп, үлкен көмек көрсетті.
Ал, Талғар аудандық «Білім» бастауыш партия ұйымы жанындағы «Раяна» балабақшасы мен «Айзере», «Дельфин» балабақшаларының меңгерушісі Жасұлан Айтқалиев та «Баланы мектепке даярлайық» акциясына белсене атсалысып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырған еді. Акция барысында өз округтеріндегі көмекке мұқтаж отбасыларының балаларына жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарын табыс етіп, көңілдерін бір марқайтып тастады.
Балаларды мектепке дайындау шарасына партиялықтардың қосып отырған үлесі зор. Жыл сайынғы дәстүрге айналған осыдай жомарт жандардың ізгі амалдары балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап, олардың үлгілі оқуларына үлкен себеп болады деген үміттеміз.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».