Өткен аптада ауданымызға облыс әкімінің орынбасарлары Ләззат Тұрлашов пен Айдарбек Байжанов жұмыс сапарымен келіп, Талғар қаласындағы «Мелиоратор» және «Бозторғай» ықшам аудандарының тұрғындарымен кездесті. Ондағы мақсат қаламыздың осы ықшамаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстарының қарқынын бақылау еді. Тұрғындармен кездесуге ауда әкімі Рыскелді Сатбаев бастап, қала әкімі Жандос Әуелбаев пен бірқатар жауапты бөлім басшылары келді.
Талғар қаласының «Мелиаратор» және «Бозторғай» ықшамаудандарының көпқабатты үйлерін көгілдір отынмен жылыту мәселесін назарға алған облыс басшысы бұл мақсатқа қомақты қаражат бөлдірген болатын. Осы екі аудандағы 23 үйдің жылыту жүйесін газға қосу үшін 6 блок модульді қазандық салу тапсырылды. Бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Жылыту қазандықтарын салу үшін жеке инвесторлар тартылып, қазандықтарды жинау «Buran Boiler» ЖШС-ге тапсырылса, жылыту жүйесін жеткізу мен қазандықтарды қосу жұмыстарын «Асыл Тау» ЖШС-гі атқаратын болған. Бүгінгі күні жұмыстың 50 пайызы орындалған. Көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жылу беру маусымына дайындық жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аудан және қала басшыларының қатысуымен 18 кездесу ұйымдастырылған. Бүгінде екі пәтер иелері кооперативі құрылып, үш пәтер иелері кооперативінің құжаттары тіркелуде. Тұрғындармен кездесу барысында жертөлелерді жылыту, кіреберістің құрылысын салу және пәтерлердің жылыту желілерін тарату мәселелері көтеріліп, бұл жұмыс құны да анықталған.
Кездесу барысында Ләззәт Махатұлы тұрғындарға газ тарту жұмыстарының жай-жапсарын түсіндіріп, мердігер компаниялардың өкілдерін де арнайы шақыртып, жұмыстың жүргізілу барысы туралы тұрғындардың сұрақ-сауалдарына жауап берді. Жылу жүйелерін салуға байланысты мемлекет қаражатына жүргізілетін жұмыстар мен тұрғындардың өз қаражаттарына жасайтын жұмыстарын екшелеп, тарқата түсіндірді. Қазандықтарды жинақтап жатқан серіктестік пен жылу жүйесін жеткізу ісіне жауапты мекеменің де жұмыс қарқынын қадағалап, жұмыс сапасымен де танысты. Аулаларға салынып жатқан қазандық орнататын фундаменттердің дайындығын да көзбен көрді. Инженерлік желілердің даярлығы да назарға алынды. Қала тұрғындары да өздерін толғандырған мәселелерді алға тартты. Ондағылары тұғындар тарапынан жүргізілетін жұмыстарға қатысты болды. Атап айтқанда, газға қосылуға қарсылық білдірген тұрғындардың жайы, тұрғындар тарапынан қаржыландырылатын жұмыс құны, төлем жасау жолдары сынды мәселелер көтерілді. Бұл күнгі кездесуде көтерілген барлық мәселелер турасында облыс әкімінің орынбасарлары Ләззат Тұрлашов пен Айдарбек Байжанов тиянақты жауап беріп, тұрғындармен емен-жарқын әңгіме құрды. Қос ықшамауданның тұрғындары да басшылармен кездесу барысында көптеген мәселенің мән-жайын ашып, көтеріңкі көңілде тарасты.
«Buran Boiler» ЖШС-і 15 қазанға дейін алты қазандықты да жинақтауды жоспарлап отырса, «Асыл Тау» ЖШС-і бүгінгі күні үш фундаметті дайындаған. Қалғандарының да уақылы дайын болатынына сендірді. Ал, инженерлік желілер жүргізу жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталмақ. Облыс басшылары мердігер компаниялар өкілдері мен қала әкіміне, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына аталмыш аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесін көгілдір отынға қосу мерзімін қазан айының онына дейін толығымен аяқтауды тапсырды. Қала тұрғындарын да өз тараптарынан уақытылы төлем жасап, газ қосуға даяр отыруларын сұрады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жылыту маусымына дайындық қарқынды түрде жүргізілсе, көгілдір отынның қызығын көрер күн де алыс емес.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».