Кәсіпкерлерден көмек

Кәсіпкерлерден көмек

Балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген даналық бар қазақта. Түрлi тағдыр тәлкегiне ұшырап, ата-анасынан, асыраушысынан  айрылып, жан жылуына, әлеуметтiк көмекке зәру болып отырған жандар да жоқ емес арамызда.  Жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп, сауап алғанға не жетсін?! «Мектепке жол» акциясы әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардан шыққан балаларды мектепке даярлауға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан қайырымдылық шарасы.   Елбасының оқушылардың мектепке дайындығын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, көп балалы отбасылар, жетім, жартылай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқор болып, олардың әлеуметтік себептер салдарынан мектепке бара алмауынан алдын алу мақсатын көздеген игі шара Белбұлақ ауылында да жалғасын тапты.

      «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы жанындағы «Белбұлақ» бастауыш партия ұйымының  ұйымдастыруымен «Баланы мектепке даярлайық!» республикалық қайрымдылық акциясы өз жұмысын жалғастыруда. Осы акция аясында Белбұлақ ауылындағы №32,10,34,35 мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан он бір балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Ізгі амал жасап, балаларға қуаныш сыйлаған ауылдық округтің кәсіпкерлері болды. Атап айтқанда,  «Қуаныш» мейрамханасы, «Таңшолпан» мейрамханасы, «Аружан» мейрамханасы  және  «Pet Food KZ» серіктестігінің  демеушілігімен  балаларға мектеп формалары мен оқуға қажетті  құрал-жабдықтар сатып алынып берілді. Жомарт жүректі азаматтарға ата-аналар мен балалар дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

 

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».