Биыл мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айт мейрамы 21 тамыз күні басталады. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін аталып өтеді. Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талапшарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын
оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі — құрбандық шалады.
Ұлық мейрамды ресми, мемлекеттік деңгейде атап өтуге қазақ елі Тəуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы желтоқсанның 30-ында қол қойған,
«Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сəйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады.
Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірібіріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңілкүйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Қасиетті Құран Кəрім жəне Ислам тарихы бойынша бұл мереке мен
оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (Оған Алланың сəлемі болсын) ата жəне дəстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (Оған Алланың сəлемі болсын) мен оның ұлы Исмайыл(Оған Алланың сəлемі болсын)
пайғамбарлармен тығыз байланысты.
Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары жəне жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дəрежеге жетеді. Сондықтан да шын
жүректен əрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», – деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты əрі сауапты іс екенін шегелеп айтқан.
Мұсылмандар Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеді?
Мейрамның алғашқы күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, əдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып дұға оқиды. Бақилық болған жақынжұрағаттарына арнап Құран бағыштайды. Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу абзал. Айт намазы оқылғаннан кейін Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, əке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жоражолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сəлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізу сауап.
Құрбандық шалудың мәні мен маңызы туралы
Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат — құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондайақ, пенденің пендешілігі мен мəрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбандық шалу ғибадаты Алла Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде жəне орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны
жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Құрбан айтқа арнап сатып алынған мал айт күндері бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адам, намаз оқып болатындай уақыт
өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.
Құрбандық малына қойылатын талап
Кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді жəне тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мəкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.
3.Құрбандық малдың дені сау, етті жəне дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр
болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай əлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондайақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса.
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді іріқара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Жəне біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер де осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек етін алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы қабыл болмайды. Сонымен қатар, құрбандық малды кез-келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштау рұқсат етіледі.
Шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға құрбан шалу уəжіп етілген. Ал құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нəсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» — деген ниетте болса, «мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді», деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған жəне бір жеңілдік, ол — айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап əкеледі.
Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басы мен сүтін сату не болмаса оларды құрбандық жасалған жерде лақтырып кету мəкрүһ саналады. Барынша ысырап жасамауға тырысып,
құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру.
Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін! Ұлық мереке құтты болсын, халайық!
Материалды әзірлеген: Райхан АЗИМОВА.