Ұлы ой зергері Цицерон: «Өз қызметіне жан-тәнімен беріле отырып, қуанышпен атқарған адам ғана шынайы еркіндікті сезіне алады», – депті. Осы бір пікір, аудандық терапия бөлімінің күндізгі бөлімінде еңбек ететін мейірбике – Ағзия Жайлаубаеваға қаратып айтылғандай.
Осы бір орта бойлы, толық денелі, қашан да мамырлай басып, жай қозғалатын, бірақ өз ісін тиянақты атқаратын Ағзияны осы бөлімге күн сайын келіп, емдом қабылдайтын науқас жандар жақсы біледі. Үнемі байсалды жүрісімен, жай сөзімен алдына келген науқасқа бар мейірімін төгіп, адал қызмет ететін оның ісіне келген халық қашан да риза. 2012 жылы Талғар медицина колледжінің фельдшер бөлімін бітірген Ағзия Жайлаубаева содан бері осы жерде абыройлы еңбек етуде. Күн сайын күндізгі бөлімге дəрі-дəрмек қабылдауға келетін 50-60 науқасқа зыр жүгіріп, алты сағат бойы табанынан тік тұрып, қызмет етуден Ағзия жалыққан емес. Ол туралы күндізгі бөлімнің меңгерушісі, дəрігер Лаура Қожекенова: «Ағзия өз жұмысын жетік білетін жан. Күн сайын дəрі-дəрмек қабылдауға келетін зейнеткерлер мен қарт кісілер оның қалтқысыз қызметіне риза болып кетеді. Оның бойында дəрігерге қажетті мінездің бəрі бар» – дейді мақтанышпен.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».