ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ

ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ

Қасиетті Құран – Жаратушы Алла тағаланың сөзі. Исра сүресінде Алла Тағала: «Шын мəнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді», – деп, Құранның адам баласы үшін мəні мен маңызын айқындап берген. Демек, Құран – адам баласын екі өмірдің бақытына жетелейтін ақиқат жол, қасиетті кітап.

Пайғамбарымыз Мұхаммед(саллаллаһу əлайһи уə сəллəм) сахабаларға: «Сендердің ең абзалдарың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің» деген. Осы тəлімнің негізінде сахабалардың ең алғашқы мəн берген ісі – Алланың кітабын үйрену əрі үйрету болған еді. Имам əт-Тирмизи Абдулла ибн Масғудтан жеткізген хадисте Пайғамбарымыз саллалаһу əлайһи уə сəллам Алланың кəлəмін оқыған адам үшін болатын сауапты сипаттап: «Кімдекім Алланың кітабынан бір əріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал бір жақсылыққа он есе етіп сауап беріледі. Мен «əлиф лəм мим» бір əріп демеймін. Керісінше, əлиф – бір əріп, лəм – бір əріп, мим – бір əріп» дейді. Қасиетті Құран оқудың сауабы қаншалықты мол əрі теңдесі жоқ бақыт екенін айғақтайтын дүниелер көп. Құран оқылған жерге «Мейірім жауады, берекет пен тыныштық орнап, періштелер шаттанады», – деген ғибратты сөз бар. Олай болса, ұрпағымыз саналы да салихалы, иманжүзді болып өссін десек, қасиетті Құран Кəрімнен сусындатып, оны өмірінің шамшырағы ете отырып, рухани жан дүниелерін байытуды естен шығармайық.

Осы аптада Талғар аудандық орталық мешіті имамдарының ұйытқы болуымен ауданымызда тұңғыш рет мектеп жасындағы балалар арасында Құран жарысы ұйымдастырылды. Айтулы сайыс Тұздыбастау ауылдық мешітінде өткізіліп, оған аудандағы мешіт жанынан ашылған Құран оқу курстарында білім алып жүрген алпысқа жуық бала қатысты. Жарыстың шарты негізінде сайыскерлер екі номинация бойынша бақ сынасты. Бірінші топтағылар үшін Қасиетті Құранның отызыншы парасын толық жатқа оқу талап етілсе, екінші топ отызыншы параның жартысын жатқа оқу, яғни «духа» сүресінен «нəс» сүресіне дейін мүдірмей оқу арқылы өз білімдерін паш етуі керек-ті. Жоғары деңгейде өткен рухани сайысқа үміткерлер де үлкен дайындықпен келгені байқалды. Ауданымыздың бас имамы Мұсабек Тағанұлы төрағалық еткен қазылар алқасы, қарилар медресесінің ұстазы Бауыржан қари, Тұздыбастау мешітінің бас имамы Нұрбол-қажы сайысқа қатысқан əрбір баланың Құран оқу деңгейін саралай келе, бірінші номинация бойынша «жүзден -жүйрік» шыққан Юсуф Юсупов деген жас өрен жүлделі І-ші орынға лайық деп танылды. Оған марапат қағазы мен 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Екінші орынға көтерілген Зайд Жамантаев 30 мың теңге, ал үшінші орынды иеленген Каспи Əлембек 20 мың теңге сыйақымен қатар арнайы дипломдармен марапатталды. Екінші топ жеңімпаздары арнайы дипломдар жəне ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бұл күнгі жарысқа қатысушылардың бəріне ерекше ілтипат танытылып, ынталандыру сыйлықтары берілді. Жеңімпаздарды құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін жеткізген ауданның бас имамы Мұсабек Тағанұлы, сауабы мол іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан əрі демеушілік танытқан азаматтарға, жарысқа қатысқан жастарға алғысын білдірді. Салихалы ұрпақ тəрбиелеуге зор ықпалын тигізетін осындай рухани шаралар бұдан былай да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».